RU

ІІМ Алматы академиясында полиция басшыларын даярлау факультеті ашылды

Ерлан Тұрғымбаев
Ерлан Тұрғымбаев. Фото: polisia.kz

ІІМ Алматы академиясында полиция басшыларын даярлау факультеті ашылды деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясында онлайн режимде ішкі істер органдарының басшы құрамын даярлау факультетінің ашылуы өтті.

Факультет тыңдаушыларын алғашқы қабылдау алдында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев құттықтау сөз сөйледі.

"ІІМ ел президентінің тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Ол, ең алдымен, полицияның ашықтығын қамтамасыз етуге, азаматтардың сенім деңгейін арттыруға және олардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Осыған байланысты кадр жұмысына және тәртіп сақшыларының біліктілігін арттыруға үлкен мән беріледі", – дейді Ерлан Тұрғымбаев.

ІІМ
Фото: polisia.kz

Полиция ведомствосының басшысы жаңа факультеттің ашылуының алдында үлкен талдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

"Ішкі істер министрліктерінің басшы құрамын даярлау бойынша арнайы оқу орындарының әлемдік практикасы зерделенді. Ұлыбритания, Германия, Жапония және Ресейдің озық тәжірибесі негізге алынды. Аталған елдерде басшылық құрам басқарушылық, техникалық және коммуникативтік дағдыларды, көшбасшылық қабілеттерді дамыту бойынша жүйелі түрде оқытылады", – дейді министр.

Оқу бағдарламасы үш айға есептелген. Факультет тыңдаушылары ауқымды бағыттар бойынша (геосаясат, жобалық басқару, қызметкерлермен жұмыс, психологиялық дайындық, IT-сауаттылық, қаржылық сауаттылық) 12 модульді оқиды.

Ерлан Тұрғымбаев
Ерлан Тұрғымбаев. Фото: polisia.kz

Курсты жақсы аяқтау мансаптық өсу, ІІМ орталық аппараты департаменттерінің басшылары мен аумақтық бөліністердің бірінші басшылары лауазымдарына қызметке тағайындау кезінде өз септігін тигізетін болады.

"Күн сайын дамып, өзгеріп жатқан әлемде полиция бұрынғы қалпында қалып қоймауы керек. Ішкі істер органдарының қызметкерлері үнемі ізденісте болып, жан-жақты дамуы қажет. Сондықтан да бірінші басшылар жеке құрам үшін әрдайым үлгі болады", – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/press-relizy/1906289-iim-almaty-akademiyasynda-policiya-bassylaryn-dayarlau-fakulteti-asyldy/