RU

«Өткенге саяхат»: Шымкент қаласы Жол-көлік колледжінде өткізілген ерекше іс-шара туралы не білеміз

Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»
Фото: Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»

Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде студенттердің қатысуымен тарих пен дәстүрді қастерлеуге шақыратын ерекше іс-шара өткізіліп, оған қалалық білім басқармасы, қалалық білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары, іс-шара тақырыптарына сәйкес шақырылған арнайы қонақтар келді. Іс-шараның қалай өткені туралы қызықты мәліметтерді ұсынған колледж директоры Гүлзат Үкібайқызы KAZ.NUR.KZ порталына семинарға байланысты мақаласын жолдады.

Жол-көлік колледжінің директоры Искакова Гүлзат Үкібайқызының өткізілген іс-шараға қатысты мақаласының толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 21 қарашада «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы - бүгінгі күні өскелең ұрпақ үшін берері мол тағылымды дүние. Бұл мақалада Елбасы әрбір азамат туған жерінің тарихын білуге, ұлттық құндылықтарын қастерлеп, оның дамуына өз үлесін қосу қажет деген міндетті қоя отырып, отандық тарихты дамытудың жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсетті.

Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»
Фото: Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»

Аталмыш мақалада кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі екенін, ал уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталатынын нақтылап көрсеткен. Демек, уақыт пен кеңістіктің көк¬жиегі тоғысқан кезде басталған осы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете танып, оның күрмеуі көп күрделі түйінін шешуге ұмтылу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Осыған орай аталмыш мақаланың мазмұнын жан-жақты терең меңгерту және болашақ жастарды өзінің тарихын, ата салтын, этнографиясын біліп өсуіне ықпал ету, ұлттық рухпен тәрбиелеу мақсатында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Жол-көлік колледжі «Ұлы даланың жеті қыры педагогикалық идеялар тоғысында» атты қалалық семинар өткізді.

Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»
Фото: Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»

Іс-шараға Шымкент қаласының Білім басқармасының мамандары мен барлық ТжКББ ұйымдарының басшылары және орынбасарлары, педагогтар мен психологтар, Жазушылар Одағының, Ұлттық спорт мектебінің өкілдері және республикалық деңгейдегі ат жарыстарына қатысатын жүйріктерді баптап жүрген атбегілер қатысты.

Семинар «Көшпенділер өркениеті - ер Түріктің бесігі» тақырыбындағы сахналық қойылыммен басталды. Қойылымда Сақ тайпасы заманынан бастап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күнге дейінгі тарихи оқиғалар ерекше көрініс тауып, көрермендерге үлкен әсер қалдырды.

Сонымен қатар, сахналық қойылым барысында XV ғасырға дейін Еуропа мен Азия арасын, яғни, Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір болған - Ұлы Жібек жолы, көшпелілердің далалық мәдениеті, өлең-жыр өнері, ұшқыр ой, суырып салма «сөз барымтасы», Ұлы даланың фольклоры мен әуендері назарға ұсынылды.

Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»
Фото: Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»

Одан бөлек, қазақ елі қойнауындағы металдардың өндірістік маңызын көрсетіп, аң стилі, Алтын адам тарихы туралы мәліметтер беруге бағытталған интеграциялық сабақ жүргізіліп, онда сан алуан металл кендеріне бай қа­зақ жері – металлургия пайда болған ал­ғашқы орталықтардың бірі екендігі сөз етілді.

Ал «Атқа міну мәдениеті» тақырыбындағы сыр-сұхбатқа арнайы қонақ болып келген Шымкент қалалық Ұлттық спорт мектебінің «Құлагер» командасының жаттықтырушылары, республикалық деңгейдегі ат жарыстарына қатысатын жүйріктерді баптап жүрген танымал атбегілер Еркебай Омарбек пен Еркебұлан Жұмағұлов жастардың сұрақтарына жауап беріп, жылқыны баптаудың қыр-сырымен, атқа мінудің әдіс-тәсілдерімен, ат жарыстарының түрлерімен, ат әбзелдерімен, т.б. атқа міну мәдениеті жөнінде жан-жақты мағлұматтармен бөлісті.

Сыр-сұхбат барысында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне ұлы даладан тарағанына баса назар аударылды.

Сондай-ақ, «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге Түркістан жоғары аграрлық колледжінің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Б.Б.Исабеков, Жазушылар Одағының ОҚОФ директорының орынбасары С.Нұрманұлы қатысып, қызғалдақтың отаны жайлы студенттерге мәліметтер берді.

Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»
Фото: Шымкент қаласы білім басқармасының «Жол-көлік колледжі»

«Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатында Әл-Фараби мен Яссауи, Күл­тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай, сонымен қатар Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жаңа заманғы келбетін қалыптастыруға ұмтылған тұлғалардың есімдері енген «100 жаңа есім» жобасының үздік тұлғалары жайлы айтылып, түрлі салаларда еңбегімен еленгендердің өмірі мен шығармашылық жолы туралы мәліметтер берілді.

Іс-шара аясында өткен «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» тақырыбындағы баспасөз жиыны да қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Жиында колледж студенттері жазушы, драматург Дулат Исабекұлының және еліміздің кино өнерінде өзіндік қолтаңбалары бар режиссерлердің образын шебер сомдай алды. Жиынға «Уолт Диснейді» жиырма жыл басқарған Уильям Бил Деннис өз аудармашысымен «арнайы келгенін» сомдаған студенттер конференцияның мазмұнын арттыра түссе, республикалық «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» және жергілікті «Отырар» телеарналарының тілшілері образына енген студенттер тақырыпқа қатысты көкейтесті сұрақтарына тың жауаптар алды және өз ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ, қонақтардың назарына колледждің кіре беріс фойесінде арнайы көрме ұсынылды. Көрмеге ежелгі озық өнер мен тех­но­логия үлгілері – аң стилінде жасалған бұйым­дар, «Алтын адам», метал­л түрлері, қару-жарақ, сауыт-сай­ман және өзге де жәдігерлер қойылды. Ал «Архив-2025» көрмесінде еліміздің тарихи жыл­намасындағы ақтаңдақтар, бабаларымыздың өмірі мен өркениеті жөніндегі көп­теген деректі құжаттар мен құнды көне жазбалар тарихы көрсетілді.

Семинар соңында қонақтар өз пікірлерімен бөлісіп, семинарға жоғары бағаларын берді және колледж ұжымы мен студенттеріне алғыс білдірді», - деп жазды колледж директоры Искакова Гүлзат Үкібайқызы KAZ.NUR.KZ редакциясына жолдаған мақаласында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/press-relizy/1909245-otkenge-sayaxat-symkent-qalasy-zol-kolik-kolledzinde-otkizilgen-erekse-is-sara-turaly-ne-bilemiz/