Мәдина Балғабаева: Әйелдің бақытты болуы қасындағы жарынан емес
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал тележүргізші Мәдина Балғабаева Cosmo.kz басылымына берген сұхбатында әйел бақыты жайлы сөз өрбітті.
Тележүргізуші әйел бақыты жайлы сұраққа біржақты жауап бере алмайтынын айтты.
"Бұрын, мен тұрмыста болмаған кезде, осы сұраққа былай жауап берер едім: әйел бақыты ол қасыңда сүйікті жарыңның болуы, өзіңе қиын жағдайда иық тірейтін ер адамның болуында. Сол әйел бақыты деп ойлайтынмын. Қазір ойым басқаша", - дейді Мәдина Балғабаева.
Жан жары жоқ болса да, қасында өсіп келе жатқан баласы бар екенін меңзеген тележүргізуші өзін бақытты сезінеді. Оның пікірінше, әр адамның өз тағдыры бар. Жеке өмірде де солай. Маңдайына не жазылды, сол болады.
"Тұрмыста болып, өздерін бақытсыз сезініп жүрген қаншама әйелдер бар. Сондықтан әйел бақыты қасында жарыңның болуында деп айта алмаймын", - дейді Балғабаева.
Сондай-ақ, журналист соңғы кездері телевизияда көптеген жас тележүргізушілердің жасандылыққа көп көңіл бөле бастағанын байқаған.
"Сіз өзіңіз байқап отырғандай, менде ешқандай жасанды шаш, кірпік, тырнақ жоқ. Ерінді де мен үлкейтіп көрген емеспін. Менде жасанды ештеңе жоқ. Мен бұл әйелдерге арналған заттарға құмар емеспін. Жасанды қас өте керемет салынса да, жасанды екені көрініп тұрады. Онда оны жасатудың не қажеті бар? Шашым қысқа болса да, жасанды жасағаннан гөрі, жақсы күтілген, жылтыр болғанын қалаймын", - дейді тележүргізуші.
Мәдинаның ойынша, жасандылық еркектерге де ұнамайды. Ең бастысы өзін әрқашанда күту керек. Сол кезде ғана әйел күнделікті сұлу болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1074396-madina-balghabaeva-ayeldinh-baqytty-bo/