Танымал адамдар Баян Есентаеваға қолдау көрсетіп жатыр
Жарияланған күні:
Танымал тұлғалар пышақ жарақатымен емханада жатқан Баян Есентаеваға әлеуметтік желілерде қолдау көрсететін жазба қалдыруда деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Бүркіт
"Баянжан, тезірек жазылып кетуіңе тілектеспін! Рамазан айында Аллаһ саған денсаулық берсін! Біз сені жақсы көреміз! Сен бізге керексің!", - деп жазған танымал әнші Бүркіт өз желі парақшасында.
Мадина Сәдуақасова
"Баян Есентаеваға бүкіл ел алаңдап отырғанына екі күн болды. Әріптестері де есеңгіреп отыр. Үндемей отыруға хақымыз жоқ деп ойлаймын. Бұл жайт біздің "ұжымда", біздің адаммен болды... Баян қашан да өзін лайық ұстайтын. Ешқашан оны мас күйде көрген емеспін (ол ішпейді). Баян - абыройды ең басына қоятын қазақтың қайсарлы қыздарының жарқын үлгісі. Мен сенің отбасыңа және ісіңе адалдығың үшін тәнті болдым. Тіпті бүгінде жаның мен тәнің жаралы болса да, мен сені мақтан тұтамын. Баяша, сен мықтысың, сен соңына дейін жетесің! Біз сені күтіп отырмыз, тезірек жазыл, сенің жасыл отты көздеріңді сағындық", - деп жазған Мадина Сәдуақасова.
Ерке Есмахан
"Бірнеше күннен бері интернет Баян деп дүр сілкініп тұр. Баян маған "бөтен" емес. Ол менің өнердегі "анам"! Оның жаны мен тәніне тиген зақым менің жүрегіме де тиді...Тәңірден деніне саулық сұрағаннан бөлек қолымнан ештеңе келмейді екен. Интернетте жүзім көрінбес деп, ойына келгенді жазып отырған жандарға бәрін көріп тұрған "жазаны беруші бар" дегім келеді... Ол - Алла. Ешкімді жамандыққа қия алмаймын! Бірақ өмірде бумеранг қағидасы бар... Адам болып келдім өмірге, адам болып кету - тілегім, бәріңе соны тіледім! Баян Мақсатқызы, тезірек аяққа тұрып, ортамызға оралып, бұрынғыша әзілдесіп, шай ішетін шуақты күндер қайта келсін... Мен сізбен біргемін!", - деп жазған өз парақшасында Ерке Есмахан.
Аружан Саин
"Баян, қымбаттым! Тезірек жазыл! Біздің мықты, дана, сұлу, сәнді, өте мейірімді, мақсатқа жете білетін жан! Күресші, еңбекші! Бекем бол! Егер қандай да бір көмек қажет болса, Баянның қасында жүргендер осында жазыңыздар, хабарласыңыздар", - деп жазған Аружан Саин өз желі парақшасында.
Әлішер Елікбаев
"Мен сені жиырма жылдай танимын Баян. Сен қашан да мықты болып қала бересің. Ешбір ердің түсіне кірмеген мықты әйелсің. Сонымен қатар сен нәзіксің, сұлусың... Мейірімді, сезімтал жансың. Осының бәрі бір адамның бойында болғанына әлі күнге дейін таң қаламын. Жарыммен баламыздың тұсауын кестіргенде, оны Баян Есентаеваға тапсыратынымызды бірауыздан шештік. Біз Дарияның саған ұқсағанын қатты қалаймыз. Бұл сенің басыңа түскен алғашқы сынақ емес. Сен оны міндетті түрде еңсересің. Міндетті түрде жеңімпаз боласың. "Өзіне сол керек" дейтіндерді кешір. Жаратушы оларға саған берген сынақты бермесін. Алайда бәрі әділетті болуы керек, олар сенің сұлулығың мен мейіріміңнен, жетістіктеріңнен қол үзіп қалсын", - дейді Әлішер Елікбаев өз парақшасында.
Жандос Құрманбаев
"Баян Есентаевамен болған жайт біздің қоғамда елеусіз қалған мәселені тағы да еске салды. Ішкілік, есірткіге тәуелділік секілді әлеуметтік мәселелермен күресе аламыз. Алайда тұрмыстық зорлық мәселесі сол күйі шешімсіз қалып қоюда. Мен осындай ерлерді және оған үнсіз шыдап жүрген құрбандарын аяймын. Дене жарақаттары емделгенімен, ондай "ерлердің" ішкі әлемін түзету мүмкін емес. Жамандықты түзетудің жалғыз тәсілі - өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Оларды нағыз ер етіп тәрбиелеу керек. Ал әзірге сондай оңбағандар тағы бір жерде туылмады ма деген күдікпен күту ғана қолымыздан келеді. Әйелдер зорлыққа қарсы шығып, бұл мәселені көтергеннен ұялмауын қалаймын. Әйелдер де мықты жан екенін жақсы білеміз. Қашан да сондай болып қала беріңіздер", - деп жазған Жандос Құрманбаев.
Еске сала кетсек, 10 маусым күні соққыға жығылған танымал продюсер Талғар аудандық ауруханасына жеткізілген. Болжам бойынша, Баян Есентаеваны күйеуі кеуде тұсынан пышақтаған. Оқиға куәгерлері дереу жедел-жәрдем шақырып, қансыраған танымал тележүргізушіге алғашқы көмек көрсетіліп, кейін оған жедел түрде ота жасалған.
Алматы облысының полиция қызметкерлері Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабына сәйкес күдікті ретінде оның жары Бақытбек Есентаевты ұстады.
Тағы оқыңыз:
Баян Есентаеваның сіңлісі қазақстандықтарға үндеу жолдады
«Алтын адамды» тапқан арxеолог өмірден озды
Дәрігер Баян Есентаеваның қазіргі жағдайын айтып берді
Террористер мемлекеттік органдар мен түзету мекемелеріне шабуыл жасауды көздеген
Ақтөбеде өлтірілген лаңкестер құпия түрде жерленетін болды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1157900-tanymal-adamdar-bayan-esentaevagha-qol/