Ләйлә Сұлтанқызы өз пайдасын жақсы білетін қу адамдар туралы айтты
Жарияланған күні:
Ләйлә Сұлтанқызы адамды тану құпияларымен бөлісті деп хабарлайды Массагет.
Ол өз мақаласында жұмыс берушілер қандай мамандарды жұмысқа алатынын айтып берді. Оның айтуынша, жұмыс табу қиынға соғатын қазіргі заманда жұмысқа сәтті тұру үшін де адам тани білу маңызды.
Танымал жүргізушінің пайымдауынша, адамдар бойындағы қасиеттерді 8 түрге бөлуге болады. Егер, адамдардың осы 8 түрлі типін ажыратуды үйренсеңіз, онда «кез келген адамды бес саусақтай танып, оның әлеуеті мен болашақтағы əрекеттерін бағып-білу мүмкіндігіне ие боласыз».
Барлық адамға тән төмендегі категорияларды тізбектеп берген автор, олардың жағымды, жағымсыз жақтарына да мән беріп, назар аударған жөн екенін айтады.
Мектепте беске оқыған көптеген қыз-жігіттің ересек формасы –перфекционист. Ол бірбеткей, тынымсыз, тəкаппар, айтқанынан қайтпайтын, "шаш ал десе, бас алып", "қадалған жерінен қан алатын" адам. Ол іс-шараны, жұмысты ұйымдастыруда таптырмас адам, қолыңызда бас ресурсарды сарп етпей, барын салып, тапсырманы тыңғылықты орындайтынымен жағымды. Бірақ оны кейде балағаттап жібергің келетіні де бар.
Жұмсақ адам – жайлы, артық сөзі жоқ, дау-дамайға араласпайды және интрига тудырмайды. Пайдалылығы: жылы-жылы сөйлеп, інінен шығарып, кез келген шаруаңызды тындыруға болады. Дегенмен ол өзіңіздің ғана емес, өзгенің де мініс аты болып кетсе, шабандозыңыздан айырыласыз.
Қолынан іс келе тұрып, қара аспанды төндіріп, таңдалған бағытта іс жасамауға миллион себеп табатын адам – пессимист. Ол үшін дүниенің мəні бос, тар, қараңғы болғанымен, əртүрлі идеяларға еліріп, кейде ай мен жұлдызды алуға ұмтылатын жоспарлар құрып кететін кездері мəселеге шынайы көзқараспен қарап, уақытыңызды да, қаражатыңызды да, денсаулығыңызды да сақтап қалады. Жағымсыз тұсы – демотиваторлығы.
Тағы бір категория - өз-өзіне ғашық адам. Ол өзінен асқан ақылды, əдемі, қабілетті, пысық адам жоқ деп санап, барлық шаруаға араласады, бірақ өзі емес, көбіне өзгені жұмылдыруға тырысады. Ол еріншек, жалқау келеді, десек те қоғам мұндай адамдарға сүйсіне қарайды. Миллион жанкүйері бар адам. Оның жағымсыз жақтары: оның қасында не өзіңіз шапқылап жүресіз, не оның қасында жүргендерді қаржыландыру үшін қалтаңызды қалыңдатасыз.
Еңбекқор адам - тынымсыз еңбек етеді, іскер, мəрт, қолынан келмейтін нəрсе жоқ, ісіне ұқыпты, жауапты. Берген тапсырмаңызға зерттелген, сан түрлі қырлары бар жауап табасыз. Олардың өтімділігіне, пайдалылығына күмəнданбай-ақ қойсаңыз болады. Бірақ ол жұмысты тыңғылықты істеймін деп, уақытты ұттырып алады.
Шабыттандырушы адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Олар сирек, туабітті көшбасшы. Кез келген топта ондай шабыт беруші адам кездеседі. Бірақ гендіктен, онымен қарым-қатынас жасауда абай болу керек. Автордың айтуынша, «қарым-қатынасты "шыны" деп есептесеңіз, дұрыс айтылмаған қаратпа сөз үшін сол шынының қалай күл-талқан болғанын байқамай қалуыңыз мүмкін».
Қатал адам әдетте мінезі тұйық, мысы басым, сұсты, мініңізді бетіңізге ашық айта салатын болады. Ондай адамдардың жанында жүрудің бір пайдасы -айналаңызда тәртіп күшейеді. Бірақ, қатал адамның қасында күні бойы жүрсеңіз, ұнжырғаңның түсіп кеткенін байқамай қалуға да болады. Тағы бір жайт: "Батыр аңғал келеді" дегендей, қатал адамдар келесі топтағы адамдардан өмірі "таяқ жеп" жүреді.
Өз пайдасын жақсы білетін адамдар көбіне қу адамдар категориясына жатады. Олар өзгенің өрімін біледі, өз есесін жібермейді. Олар келіссөз жүргізуге, саудамен айналысуға таптырмайтын серіктес. Бірақ олардан алданбай қалу – бақыт.
Тағы да оқыңыздар:
Ақтөбеде әйелінің сұлулығын қызғанған еркектер ғана никаб кигізетін болып шықты (фото)
Екі дағдарыстан соң Қазақстан халқының жартысынан көбі кедейленіп кеткен
Тасмағамбетов Балқаш торабындағы Ресейге жалға берілген жердің аумағын қысқартты
Түркістан әкімі аруақтардан медет сұраған кейуанаға "періште" кейпінде келіп, көмектесіп жатыр
Отандық сериалдың жұлдызы үйлену тойын ерекше стильде өткізді (фото)
Түсініксіз тілде шырқайтын МС Сайлаубек Қытайды бағындыруға кетті (фото, видео)
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1208935-layla-sultanqyzy-oz-paydasyn-zhaqsy-bi/