Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мұхамеджан Тазабек Жүрсін Ерманнан не үшін кешірім сұрады?

Жарияланған күні:

"Алтын домбыра" ақындар айтысының төңіренде болған дау-дамай барысында Жүрсін Ерман "айтысқа радикалды діни топтардан қауіп төніп тұр" деп дабыл қаққан еді. Сөз арасында ол Мұхамеджан Тазабектің өзінен кешірім сұрағанын да айтқан. Оқиғаның мән-жайын Мұхамеджан мырза өзі түсіндіріп берді деп хабарлайды "Жас Алаш" газетіне сілтеме жасаған NUR.KZ.

Мұхамеджан Тазабек. Фото желіден алынды
Мұхамеджан Тазабек. Фото желіден алынды: UGC

Мұхамеджан Тазабек өз сұхбатында Жүрсін Ерманмен арасында ешқандай өкпе-реніштің жоқтығын алға тартты. Тек белгісіз біреулер олардың арасына әдейі от қойып, екі қазақ ақынын шағыстырып жүрген сыңайлы. Сондықтан да ол бір кездері қарым-қатынастарын суытқан әңгімені артқа тастап, "ағасын құрметтеген қазақ азаматы ретінде" Жүрсін Ерманнан кешірім сұрауға барған.

"Әрине, мені күтіп отырған Жүрсін аға жоқ еді немесе менің де оның алдында бүлдіріп қойған ештеңем жоқ болатын. Мен тек қана қырғи қабақ болып, сырттай суып жүрмес үшін сыйластықтың мүддесі тұрғысынан ғана Жүрсін аға ауруханада емделіп жатқанда көңілін сұрап бардым", - дейді Мұхамеджан Тазабек.

Оның айтуынша 2013-2014 жылдары еліміздегі айтыс құлазып жатқан тұста "Нұр Отан" партиясы ұлттық өнерді қайта жандандырмақ болып, көмекке Мұхамеджанның өзін шақырады. Сонда олар Бекболат Тілеуханмен бірге бас партияның өтінішімен бірнеше айтысты ұйымдастырыпты.

Олар (Мұхамеджан Тазабек пен Бекболат Тілеухан) идея бастамашыларына қаншама рет "Жүрсін Ерманды шақырайық, айтысты сол кісі жүргізсін" дегенді айтқан көрінеді. Алайда бұл ұсыныстары құлаққа ілінбей, айтыстың атасы аздаған уақыт назардан тыс қалып қойыпты.

"Жүрсін Ерманды төрге шығарайық, алдымызға салайық деген іс-әрекетімізді бір топтар тиімді пайдаланып, бізді қарсылас қылып көрсетуге тырысты. Сөйтіп Жүрсін аға мен айтыс жанашырлары бірден діни радикалдар айтысты тартып алып жатыр деп ой түйіп қалды. Намазхан екеніміз өтірік емес, сондықтан біз қаншама әділ ақпарат айтқанмен де, дін десе шошып қалған жұрт состиып суық қараған халде қалып кетті", - дейді ол.

Мұхамеджан Тазабек және Бекболат Тілеухан. Фото желіден алынды
Мұхамеджан Тазабек және Бекболат Тілеухан. Фото желіден алынды: UGC

Осындай бірнеше оқиғадан кейін дінге бет бұрған мырзаларды "теріс бағыттағы мұсылмандар" деп атау, "айтыстың жауы етіп көрсету" үйреншікті болып кеткен екен.

"Бұл да бұрынғы сөздің екпіні деп ойлаймын. Бұрын да діни радикалдар, теріс бағыттағылар деген сөзді ақпарат құралдары дауласушы тараптардың арасына шайнап берген болатын. Сол әдет болып қалды да, сол инерциямен тағы айтылып жатыр", - дейді ақын.

Бізбен бөлісер қызықты әрі маңызды жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталының WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1711257-mhamedzan-tazabek-zrsin-ermannan-ne-sin-kesirim-srady/