Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал қазақ әншісі төртінші баланың әкесі атанды (фото)

Жарияланған күні:

Шахзадаевтар шаңырағы үшін қаңтар айының жиырмасыншы жұлдызы айтулы күндердің бірі болды. Күні кеше Мұқасан мырзаның жанұясы тағы бір жанмен толықты. Әншіге жұбайы үш ұлдан кейін төртінші атұстарды сыйлады. NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат берген әнші жарының аман-есен босануы үшін үйде дұға тілеп отырғанын айтты.

Мұқасан Шахзадаев ұлымен. Фото: Instagram
Мұқасан Шахзадаев ұлымен. Фото: Instagramы: UGC

«Аллаға шүкір ана мен баланың жағдайы да, денсаулығы да жақсы. 20 қаңтар күні сағат үштердің шамасында дүниеге келді. Өзінің күшімен босанды. Барлығы ойдағыдай», - дейді Мұқасан мырза.

Мұқасан перзентханада жұбайының жанында болып, босану кезінде серіктестік қызметін атқаратын жұлдыздардың қатарынан емес екен. Әнші аталған әрекетке баратын әріптестерін түсіне алмайтынын жеткізді.

«Адамның жаны қиналып жатқан кезде, дәрігерлермен қосарласуға мен қарсымын. Ең дұрысы үйде отырып, жұбайың мен балаңның амандығын тілегенің әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын. Мен кеше перзентханаға жеткізіп тастадым. Бірақ, босану процесінде әйелімнің қасында болған жоқпын», - дейді өнер иесі.

Мұқасан Шахзадаев. Фото: Instagram
Мұқасан Шахзадаев. Фото: Instagram: UGC

Алайда, әнші әлі де толқу үстінде тәрізді. Баланың салмағы мен бойын сұрағанымызда, аталған ақпараттан бейхабар екенін жасырмады.

«Айтпақшы баланың салмағы мен бойын құттықтағандардың барлығы сұрап жатыр. Шынымды айтсам кеше жүгіріп жүріп, ол жайында сұрауды ұмытып кетіппін. Әйтеуір аман-есен екенін естігеннен кейін, басқа ешнәрсесін сұраған жоқпын. (күледі) », - дейді Шахзадаев.

Сондай-ақ сұхбат барысында әртіс үлкен ұлдары жайлы да алғаш рет ашып айтты. Мұқасан мен жұбайы Индираның жаңа туған сәбиден бөлек, үш перзенттері бар екен.

Әншінің тұңғышы Димаш. Фото: Instagram
Әншінің тұңғышы Димаш. Фото: Instagram: UGC

«Тұңғышым Димаш 20 жасқа жақындап қалды. Қазір студент, 2-ші курста оқиды. Екінші ұлым Дастан оқушы. Н. Назарбаев атындағы мектепте білім алып жүр. Ал, үшінші балам Дияр 6-шы сыныпта оқиды. Олар да кішкентай інілі болғандарын естіп, қатты қуанып жатыр», - дейді Мұқасан.

Димаш, Дастан, Дияр... Бүгінде Шахзадаевтар отбасы төртінші ұлдың есімін таңдауды ойластырып жатқандарын жеткізді. Жұлдызды жанұя бұл жолы ат қою мәртебесі халықтың еншісіне екенін айтады. Елдің кеңесіне жүгінуді жөн көрген Мұқасан, инстаграм парақшасында арнайы пост жариялаған.

«Иә, бұл жолы ұлымның есімін халыққа тапсырдым. Әзірге бірнеше нұсқалар бар. Мәселен, маған Омарәлі деген ат қатты ұнап тұр. Кезінде данышпан кісі болған екен. Бірақ, нақты шешімді қабылдаған жоқпыз. Инстаграмда да түрлі есімдер жазып жатыр. Мүмкін халық таңдаған аттың біреуі бұйырып қалар», - дейді Мұқасан Шахзадаев.

Мұқасан Шахзадаев. Фото: Instagram
Мұқасан Шахзадаев. Фото: Instagram: UGC

Әдетте, әншілер қауымы жанұясы жанмен толықса жұбайына қымбат сыйлықтарды ұсынып, ерекше құрмет көрсететін еді. Бірақ Мұқасан Шахзадаев өзіне төртінші ұлды сыйлаған Индира ханымға тартуын әзірлеп үлгермеген көрінеді.

«Ашығын айтайын әзірге сыйлық жайлы жоспарлаған жоқпын. Аман-есен перзентханадан шыққаннан кейін, барлығын ойластырамыз. Шілдехана тойы туралы да сол кезде талқылаймыз. Бірақ, әйеліме арналған бір сыйлықтың болары сөзсіз», - дейді әнші.

Айта кетейік, екі күннен кейін ана мен жас сәбиді перзентханадан шығару рәсімі салтанатты түрде өтетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1712955-tanymal-kazak-nsisi-trtinsi-balany-kesi-atandy-foto/