Тәуекел Мүсілім жағдайы төмен жанұяға өзінің қымбат айфонын сыйға тартты (фото)
Жарияланған күні:
Айфон телефонын қасиетті Құран кәрімге айырбастаған Тәуекел Мүсілім көрермендерін тәнті етті. Актер өзіне берілген сыйлықты жағдайы төмен отбасына тарту еткенді жөн санаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Шаңырақ ықшам ауданында екі бөлмелі пәтер жалдап тұратын отбасыға актер телефоннан бөлек, қажетті деп тапқан азық-түліктерін де көтере келген.
«Маған арнайы кісілер хабарласып, ұялы телефонға арнайы қосымша ойлап тапқандарын және 10 жаңа смартфонды ұтысқа қоятындарын айтты. Бір ай ішінде ұтыс ойыны ойнатылды. Қатысушылар маған да өз тараптарынан арнайы сыйлық ұсынады. Мен солардың ішіндегі өзіме ұнағанын таңдап алып, айфон телефонын жеңімпазға сыйға тартуым тиіс. Өзіме Динараның сыйлығы ерекше ұнады. Себебі ол кісі маған сый ретінде қасиетті құран кәрім мен тасбих қойған екен. Мұндай игі сыйлықты жақсылыққа балап, таңдауым осы кісіге түсті»,-деді актер.
Тәуекел аталған конкурстың әділ өткенін және жеңімпазды алғаш рет көріп отырғандығын айтты. Конкурс нәтижесін ол Instagram желісіндегі парақшасында кеше жариялады.
«Шынын айтсам бүгінгі жеңімпаздарды танымаймын да, алғаш кездесуім. Басынан- ақ Жанна ханыммен мұндай бағалы сыйлықты шынайы мұқтаж адамдарға берсек деп шешкенбіз. Бұл кісілер айфонды сатып, ақшасын қажеттеріне пайдаланар»,-деді ол.
Тәуекелдің қолынан сыйлық алған отбасының қуанышында шек болмады. Үйдегі қос кішкентай бала сүйікті актерларын тағатсыздана күтіп, сабақтарын да оқи алмады. Жақсылығын жалпақ жұртқа жариялағысы келмеген Тәуекел үй иесінің журналистерді шақырғанын білмеген.
«Тәуекелді ұлым қатты жақсы көреді. Сыйлық алып келеді дегеннен тағатсыздана күтті. Мен мұндай ұтыс болып жатқанын оның Instagram парақшасынан көріп, қатысқан едім. Бірақ дәл мені таңдайды деп ойламаппын. Қуанып отырмыз. Бізге мұндай қымбат телефонды ұстағанның пайдасы аз, сол себепті сатып, ақшасын керегімізге жаратамыз. Анам, інім және ұлым төртеуіміз екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз. Тәуекел бізге осынша азық-түлік әкеледі деп ойламадық. Жасаған жақсылығы Алладан қайтсын!»,-деді Динара Демеубаева.
"Үйде кішкентай балалар бар екенін білгенде, тәттілер алып келетін едім" деп ыңғайсызданған Тәуекел кетер кезінде кішкентай жанкүйерлерінің қолына қомақты қаржы ұстатып кетті.
Тәуекелдің қайырымды ісін көрген желі қолданушылары өз кезегінде сауапты іс жасаған актерға ризалықтарын білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713024-tuekel-msilim-zagdajy-tmen-zanaga-zini-kymbat-ajfonyn-syjga-tartty-foto/