"Жігіттер квартетінің" әншісі бес жыл бұрын жоғалтып алған сүйіктісін қалай тапты?
Жарияланған күні:
Жігіттер квартенінің әншісі Ердос Қанаев өмірлік жарымен алғаш қалай танысқанын Еуразия арнасына берген сұхбатында айтты. Әнші алғашқы таныстықтарынан кейін сүйіктісін жоғалтып алып, арада бес жыл өткен соң қайта тауып алған деп хабарлайды NUR.KZ.
«Келіншегімнің есімі-Айдана. Ол кісімен 2004 жылы Ақтөбеде қонақта таныстым. Адам баласының өзінде іштей сезім болады ғой. Менде оны бір көргенде: "Осы қыз менің өмірлік жарым болады-ау" деген сезім туындады. Ең әуелі маған ол кісінің қарапайымдылығы мен көп сөйлемейтіндігі ұнады.
Біздің өміріміз Ескендір Хасанғалиев ағамыз бен Дарико апайымыздың өміріне қатты ұқсайды. Ол кісілерде басында танысып, жолығып жүрген. Кейіннен бес жылдай бір-бірін жоғалтып, қайтадан іздеп тапқан. Менде де сондай жағдай. Мен ол кісіні жоғалтып алдым. Хабарласпай кеттік, оның тұрғылықты жерінде білмейтін едім. Қазіргідей интернет жоқ", - деді әнші.
Ердос жары Айдананы бес жылдан кейін туған қайын атасы арқылы тауып алған.
"Сонымен бес жылдан кейін мен оны қайта таптым. Менің екінші әкем, яғни, қайын атам продюсеріміз Ерғали Әбдірайымовтың досы екен. Кейіннен сол кісі арқылы шығып, себебін жасадық қой. Аллаға шүкір, тапқан соң қайтып жоғалтып алмайтындай бекем ұстадық. Тағы да іздеп жүретін бес жыл уақыт жоқ деп сөз салып, ата-анасының рұқсатын алып отбасылық өмірді бастадым", - деді Ердос сұхбат барысында.
Бұған дейін топ әншісі Айдар Тұрғанбек екінші жарымен үш-ақ рет кездескенін айтқан еді. Ердос та Айданамен көп кездеспедік дейді.
"Біз 2009 жылы отбасын құрдық. Өзімде келіншегіммен көп кездеспедім. Екінші көргеннен алдым (күліп). Келіншегімнің ата-анасы бес уақыт Алланың парызын орындап жүрген кісілер. Сондықтан мен бірінші анасына қарадым, ол кісі өте тақуа жан. Кейде шалыс басып қалатын жерлерім де бір жағы ұстазым, бір жағы екінші анам болып отырады", - дейді әртіс.
Айта кетейік, Ердос бүгінде үш баланың әкесі. Әншінің айтуынша, жары үйде бала тәрбиесімен айналысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713350-zigitter-kvartetini-nsisi-bes-zyl-bryn-zogaltyp-algan-sjiktisin-kalaj-tapty/