Тоқтар Серіков атышулы Төреғалидің ерсі қылықтарына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Соңғы кезде ғаламторды дүр сілкіндіріп, жұрт назарын өзіне аударған Төреғали Төрәлі жайлы Тоқтар Серіков өз ойымен бөлісті. NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген өнер иесі атышулы әншінің бүгінгі жетістігіне қатысты пікір білдірді.
«Төреғалидың ұқсас жерлері көп маған. Әсіресе, мына қазақ өнерінде бірінші оның халыққа танылған жері - айтыстағы алған орыны. Тәтті сөздің иегері,мықты ақын ғой. Мықты ақындармен үзеңгілес болған, иықтас болған жігіт. Одан кейін әншілікке өтуі тағы бар. Жалпы бұл біздің бабаларымыздан қалған үрдіс. Біржан сал, Ақан серіні алайық. Әнші, ақын әрі олар композитор. Бұл қазақтың қанында бар қасиет. Бұл жаңалықты біз ашқан жоқпыз. Бұл бабалардан қалған үрдіс», - дейді әнші.
Тоқтар сұхбат барысында қазақ өнеріне ерекше үлес қосып, ұлттық музыканы ұлықтап жүрген інілерін де тілге тиек етті. Серіковтің сөзінше, бұл тізімнің көшін Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі бастап тұр...
«Қайрат Нұртас пен Төреғалидың Мейрамбек екеуіміздің соңымыздан келе жатқанына мен қуаныштымын. Себебі қазақ өнерінде олардың алар орны ерекше. Бұл тізімге қосатын тағы бауырларымыз жетеді. «Жігіттер» тобы бар, «Меломен» тобын қосуға болады. Біз де ағаларға қарап өстік қой. Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев, Қыдырәлі Болманов ағаларымыздың ізімен біз жүргенбіз, бізден кейін осы інілеріміз жүріп келеді. Бізге де соңымыздан ерген бауырларымыз дегенде қатты қуанатын едік. Бұл көш - мағынасы бар көш.
Көрсе елдің көзі тоятын, естісе құлақтарының құрышы қанатындай, сөйлесе болашаққа керек дүние алып қалатындай көш келе жатыр деп ойлаймын. Төреғалиді халық жақсы көреді. Керемет құрметтейді, сыйлайды. Өзінің туған баласындай жақсы көреді. Оның ішінде өнер деген өзек бар ғой. Құдайға шүкір. Әлі қазақ деген халық жер бетінде аман болса, сан мыңдаған азаматтар шығатынына сенімдімін!», - дейді Серіков.
Сондай-ақ, қазақ эстрадасындағы аға буын өкілі бүгінде атағы аспандап тұрған Төреғалидің түрлі құйтырқы әрекеттеріне қатысты да өз ойын білдірді.
Тоқтар «Ұлы дала баласының» қарапайым халықтың көңіліне кірбің салмауын өтінді. Өйткені атақтан айырылу - қас-қағымда.
«Өнер адамы үшін ең қиын нәрсе - «жұлдыз ауруымен» күресу. Атаққа мас болып, өз-өзімді жеңдім деген адам өте аз. Бұл қиын дүние. Мүмкін болса сахнаға шыққан күннен, өзін ел таныған сәттен бастап өзін түзете беру керек. Күніне бір рет айнаға қарау керек. Өзінің кім екенін білу керек.
Қазір бақтан айырылып қалуымыз бір сәтте оңай. Ол қалай? Ол адамның бойындағы кісілік, атаққа мас болу. Халық деген керемет қой. Бір рет көңілін қалдырсаң, екінші рет кешірмей қояды. Туған анаң сияқты аяласаң халықты, сен керемет боласың. Ең аяғы, суретке түскісі келіп, қолтаңба алғысы келген іні-қарындастарыңды шын туған бауырыңдай күтіп алып, шығарып салшы, сенен артық бақытты адам болмайды», - дейді әнші.
Тоқтар Серіков кезінде дәл осындай қошеметке өзі де ие болғанын айтады. Бірақ бұйырған бақты дер кезінде бағалай білгені болар, әншіні әлі күнге дейін барған жерде құшақ жая қарсы алады екен.
«Осы күнге дейін халықтың көңілін бір қалдырып көрген жоқпын. Алла тағала нәсіп қылса, алдағы уақытта да көңілін қалдырмасам екен деп ойлаймын. Өнерге келген соң, атақ-дәрежең болған соң, тек халықпен ғана жұмыс жасайсың. Халық үшін өмір сүремін. Сол көңілі қалып қоймаса екен, бір риза болған жерлерінде халық шаттанып тұрса екен деп отырамын. Кезінде көрген тыңдармандарымыз әлі күнге дейін кездесіп тұрады.
«Есіңізде бармын ба аға, сөйтіп едік қой, жолығып едік қой» - деп айтады. «Бауырларымыз, ағаларымыз біздің үйге келгенсің, сол кезде риза болып едім» - деп еске салып тұрады. Бұл риясыз нәрсе. Болған оқиға. Қазір ойлап тұрсам, біз сол кезде дұрыс істеген екенбіз деп қуанып қаламын. Құдайға шүкір, қазір де көп нәрсені ойлап істейміз», - деп сөзін түйіндеді Тоқтар Серіков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1713688-toktar-serikov-atysuly-tregalidi-ersi-kylyktaryna-katysty-pikir-bildirdi/