"Шаханов ұлт көсемі емес": Қазақ ғалымдары ұлыға тіл тигізген ақынға ашулы
Жарияланған күні:
Ғалымдар Мұқағали мен Әуезовке, Жабаевқа қатысты пікір айтқан Мұхтар Шахановтан халық алдында кешірім сұрауды талап етуде деп хабарлайды qamshy.kz агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.
Бұл тізімде Нұрдәулет Ақыш, Тоқтар Әлбеков, Гүлжахан Орда, Серікқазы Қорабай секілді ғылым кандидаттары мен докторлары бар.
"Мен өз басым Ұлы Отан соғысынан кейін өмірге келген Мұхаң Жамбылдың қашан, қай жерде Сталинның туфлиін махаббатпен жалағанын білмеймін. Ал оның шығармаларын, тіпті болмағанда Қазан төңкерісіне дейінгі өлең-толғаулары мен айтыстарын толық оқымағанына сенімдімін.
Күннен-күнге ушығып бара жатқан бұл пікірталастардан көп оқырмандардың Мұқаңа деген наразылығын аңғаруға болады. Сондықтан оның өзі халықтың алдына шығып, ұлтынан кешірім сұрауы керек.", - деді Тоқтар Әлбеков.
"Мұқаң Жәкеңді Сталинді көп мақтады деп сынапты. Мұқағали ағамыздың әлдебір осалдығын көргенде қынжылып өлең жазыпты. Қадыр ақынның желтоқсан кезіндегі өзіне ұнай қоймаған қылығын айтыпты. Сонда дүрлігетіндей не болды?!! Адамды өз айтқан пікірімен өзін қалдыруға болмай ма екен. Бұл Сталиннің заманы емес қой! Кім жайлы қай жерде не айту керек екенін Шаханов біреуден сұрап алуы керек пе еді. Өзіне солай ұнады", - деген пікірде филология ғылымдарының кандидаты Келіс Рахымжан.
"Мұхтар Шахановтың қазақ лирикасындағы орны ерек. Оған дау жоқ. Бірақ Алаштың ары Абайдан бастап, жыр жампозы Жамбыл мен поэзия серкесі Мұқағалиға тіл тигізуі соңғы жылдары азаматтық лириканы ту қып жүрген ақынның өз ар-атағына да тиген дауылдай болғанын бәріміз көріп отырмыз. Задында, өзгеге күйе жаққан адамның өзі де сол күйеден аман қалмайды деген ежелден жеткен тағылым бар", - деген пікірде Нұрбол Құдайбергенов.
Ал академик Уәлихан Қалижанов: "Шаханов, меніңше, қазір жалғыз қалған тұлға. Ол ұлттың көсемі бола алмайды. Ол – ақын. Сол ақындығымен тарихта қалады. Шығармашылығы, азаматтық тұлғасы зерттеліп, тарихтан өз орнын алады. Ақылы бар жігіттің, ұяты да жеткілікті болар. Халқынан артық-кем сөзі үшін кешірім сұрар", - дейді.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов "Жамбылды Сталиннің туфлиін жалаған адам" деп айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1728820-sahanov-lt-ksemi-emes-kazak-galymdary-lyga-til-tigizgen-akynga-asuly/