Бесіктен "белі" шықпай жатып "күшік күйеу" іздеген аруды танымал журналист сынға алды
Жарияланған күні:
Аз уақыт бұрын атышулы бағдарлама арқылы өзіне "күшік күйеу" іздеген бойжеткенді өңірлік журналист сынап тастады. Өзінің ащы мысқылымен "дайын" екенін айтқан азамат, ел алдына шығып "альфонс" іздеген аруға шүйлікті деп хабарлайды ernur.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
"Мен дайынмын" деген Қайырбек Жәйлібекұлы ащы мысқылымен бейнежазбадағы бойжеткенді сынаған. Өңірлік тележүргізушінің бұл жазбасынан соң оқырмандар да ашу шақырып, жас қыздың сөзіне қарсылық білдірді.
"Батыс елдерінде әйел адамның қалтасына күн көретіндер жігіттерді "альфонс" деп айтатыны белгілі. Біздің елде де жарының ауқатты отбасынан шыққанын қалайтын еркектер бар. "Қайын жұртым жақсы поддержка береді-ау" деп жағдайына қарап құда түсетіндер жетеді. Ашық айтылмаса да, "альфонстар" біздің қоғамды қаптап кеткені рас. Алайда қазақ жігіттері түздің, әйелдер үйдің адамы екенін жеткізгім келді.
Бойжеткендер еркектермен тең екенін алға тартып, жарысып ішіп, шегіп, кәсіп ашып, енді, міне, табыс әкелуші қызметіне отырды. Бұл шарықтау шегі деп білемін. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне қатты мән берген. Қазір тиымдарға түкіріп қарайтын секілді. Бесіктен белі шықпай "бай" іздегендері қай сасқаны? Бұрымдылардың бұл қылықтарынан ұлттың болашағына қатты алаңдаймын. Келешек ұрпақ қандай тәрбие көрмек?! Бәлкім, жігіттер ұсақталып жатыр. Бірақ әркімнің қоғамдағы өзі рөлі, өз орны, тіпті атқаратын қызметі бар. Еркек-еркек, ал әйел-әйел болып қалуы керек", - деп сөзін қорытындылады Қайырбек Жәйлібекұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1735870-besikten-beli-sykpaj-zatyp-ksik-kjeu-izdegen-arudy-tanymal-zurnalist-synga-aldy/