"Сүйіп қалса, амал жоқ": Отандық жұлдыздар аралас некеге қалай қарайды?
Жарияланған күні:
Жақында ғана танымал продюсер Алуа Қонарова 20 жасында қырғыз жігітіне тұрмысқа шыққанын мәлім еткен болатын. Ал ұл-қыз өсіріп отырған отандық шоу-бизнес өкілдері аралас некеге қалай қарайды? Бұл жайында "НТК" арнасының "Ревю" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы өзге ұлтпен құда болу түсіне де кірмегенін айтады.
"Мәриям Жагор деген – орыс қызы" мен "Дудар-айды" талай жылдардан бері айтып келе жатырмын. Осы әнді айтып-айтып, ұлымның өмір жолында Мәриям деген қыз жолықты. Қазір отбасын құрды ғой", - дейді Жұбаныш Жексенұлы.
Ал ұлдары ер жетіп қалған Жазира мен Жанболат, Айгүл Иманбаева алда не күтіп тұрғанын білмейтіндіктен, артық сөз айтуға қорқатынын жеткізді.
"Сүйіп қалса, енді амал жоқ. Бірақ кез келген адам тілейді ғой "өзімнің қанымның, ұлтымның қызына үйленсе" деп. Бірақ адамгершілігі жақсы болса, екеуі бір-бірін сүйіп тұрса, ештеңе айта алмаймыз деп ойлаймын", - дейді Жазира Байырбекова.
Жалғыз ұлы Прагада білім алып жатқан Айгүл Иманбаева баласының шетелдік достары көп екенін жасырмады.
"Тағдырдың алдына кім шығып көріпті? Сол себепті бір нәрсе айтудан қорқамын. Құдай кімді берсе де, қалай берсе де адалынан берсе, дұрыс болар еді. Бірақ өзімнің ұлтым, қазағым болса мен қуанар едім", - дейді әнші.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің әкесі отбасылық тәртіп пен талаптың қатал екенін мәлім етті.
"Қазақы ортада, біздің ұлттық менталитетімізді бойына сіңіріп өскен бала. Біздің үйде үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасын барлығы ұстанған. Сондықтан біздің айналамыздағы ағайындардың, қаншалықты талапты екенін, Димаш біледі", - деп сөзін қорытындылады Қанат Айтбаев.
Айта кетейік, талай әншінің жұлдызын жаққан Алуа Қонарова 20 жасында қырғыз жігітіне тұрмысқа шығып, көп ұзамай ажырасып кеткенін баяндап берген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, отандық әншілердің әндерін біздің "Музыка Нур" қосымшасынан тыңдай аласыздар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1776051-sjip-kalsa-amal-zok-otandyk-zldyzdar-aralas-nekege-kalaj-karajdy/