Ақтөбенің үздік студенті виртуалды әлемнің ең сұлу аруы атанды
Жарияланған күні:
"Мисс Виртуал Ақтөбе-2019" сұлулық байқауында ең көп лүпіл жинаған Нағима Жәкеш бас жүлдені иеленді. 21 жастағы студент Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина унверситетінің ІІІ курсын тәмамдаған. Үздік студент болашақта көз дәрігері болуды армандайды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен "Мисс Виртуал Ақтөбе-2019" сұлулық байқауы салтанатты түрде қорытындыланды. Сайысқа 18-25 жас аралығындағы қыз балалар қатысты.
Жеңімпаз ару сұлулық байқауының негізгі мақсатын түсіндірді.
"Байқау талаптарын көріп, бағымды сынауға бел будым. Фотоны желіде жариялау, ұйымдастырушылармен фотосессия жасау талаптары орындалды. Сұлулық байқауының мақсаты- жастардың арасында гуманистік көзқарасты қалыптастыру, эстетикалық талғамға үйрету болатын. Сайыста бас жүлдені иелендім. Желіде маған қолдау білдірген достарыма алғыс айтамын", - дейді Нағима Жәкеш.
Студент Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Тәуіп ауылының тумасы.
Шалғай ауылда мектепті үздік бітірген ол ең элиталық университеттен жоғары балл жинап, грант иегері атанған. Бос уақытында жұмыс істейді.
"Қазіргі уақытта той орталықтарында координатор болып қосымша жұмыс істеймін. Демалыс күндері тойға шығамыз. Ата-анам ауылда шаруашылықпен айналысып отырған кәсіпкер. Еңбек ету керек. Ақшаны маңдай теріңмен тапсаң, оны ысырап қылмай жұмсауды үйренесің", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1802423-aktbeni-zdik-studenti-virtualdy-lemni-e-slu-aruy-atandy/