Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бетім қайтып қалды": Нұржан Қалжан алғаш рет сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты

Жарияланған күні:

Отандық шоу-бизнесте өзіндік орны бар әнші Нұржан Қалжан бүгінде сахнадан көрінбей кеткен танымал жұлдыздардың бірі. Кезінде асқан танымалдылыққа ие болып, талай арудың арманына айналған өнер иесі шығармашылықтан алыстауына не түрткі болғанын алғаш рет ашып айтты. Бұл туралы "Айта берсін" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Фото: видеодан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: видеодан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Нұржан Қалжан сұхбат барысында сахнадан көрінбей кеткен соң осы күнге дейін немен айналысып келгенін жеткізді.

"Қазір бір адаммен кездесе қалсам, кез келген жерде осы сұрақты қоятын болды. Тойға барсам да, өлең айтып жатсам да маған амандасып, "балам, қайда жүрсің?" дейтін болған. Тек осы сұрақ, болды. Қайда жүргенде осы Алматы қаласында жүрдім. Кішкене басқа жұмыстармен айналыстым. Өнерге бір жүрегім дауаламай қалды ма, ән жазуға деген құштарлығым жоғалды ма білмеймін. Әйтеуір жүрегім бармай қалды. Өнерге деген бетім қайтып қалды.
Содан ән де жазбай кеттім. Өнерге де қатыспай кеттім. Бірақ, енді адам өлмеу керек, тіршілік керек. Сол үшін тойларға шығып жүрдім. Құдайға шүкір өзімнің тыңдармандарым осы уақытқа дейін бар. Солар тойларға шақырып жүрді.
Көптеген ағаларымыз, достарымыз, ағайындарымыздың тойымен өмір сүріп жүрдім. Арасында бизнес сияқты кішігірім айналыстық. Қытайдан бір заттар алып келіп тұрдық. Онымен келіншегім айналысты" , - деп ағынан жарылды әнші.

Сонымен қатар өнер иесі көрші Қытайға да тойларға жиі барып тұрғанын айтты.

"Қытайдың қазақтары "Бұлбұл құс" әнін қатты тыңдады. Ол жаққа күшті тарады да, ол жерге тойларға екі-үш рет барып келетін болдым. Жақсы төледі. Одан кейін концертке бардық. Бүкіл Қытай қалаларын Үрімшіден бастап, аралап шықтым. Қазақстанның өзінде де жиі болатын кездерім болды. Күніге той. Бір күнде тіпті, жеті тойға үлгерген кезіміз болған" , - деп есіне алды Нұржан Қалжан.

Сахнадан біршама уақытқа алыстап кеткен әнші енді жеке шығармашылығын қайта қолға алмақшы. Оны бұл шешімді қабылдауына жалғыз қызы Симанұр түрткі болған.

"Қазір ғана кішкене ес жиналып, өнерге қайта келсем деп жүрмін. Қызым: "Даусыңды сағынып кеттім, әке. Қашан ән жазасың" деп айта берді. Сол сөздер жүрегіме тиді. Студияға барып, әндер жазып бастадым. Үш-төрт ән шығардым. Ән біткен сәтте бірден үш-төрт әнді қызыма WhatsApp желісі арқылы лақтырдым.
Әкем маған :"Өнеріңді тастама, сенің даусың Алланың берген сыйы. Сенің даусың ешкімде қайталанбас дауыс. Дауысыңнан адам денесін тітіркендіріп жібересін" деп рух беріп, жігерлендіріп тұратын еді" , - дейді Нұржан Қалжан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1824621-betim-kajtyp-kaldy-nrzan-kalzan-sahnadan-krinbej-ketuini-sebebin-algas-ret-ajtty/