"Қызым сияқты болып кетті": Айсәуле Бақытбектің енесі келіні жайлы айтып берді
Жарияланған күні:
Айсәуле Бақытбектің енесі, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова танымал келінімен қандай қарым-қатынаста екенін ашып айтты. Оның сөзінше, Айсәуле келіндік қызметін жақсы атқарып, бүгінгі таңда оның туған қызындай болып кетіпті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы дәрігер Астана арнасындағы "Оңай емес" бағдарламасына берген сұхбаты кезінде айтты.
Сондай-ақ, Диляра Қайдарова ұлы мен келіні Айсәуленің қалай танысқанын сөз етті.
"Жалғыз ұлымыз бар. Көп бала болғанын қалағанбыз. Бірақ болмады. Енді статусым басқа. Енді мен енемін.
Айсәуле екеуі 5 жыл кездескен. Ұлым 18 жаста АҚШ-та оқып жүрген. Бірінші курсты аяқтап, қайта оралғанда Айсәулемен танысыпты.
Ұлым бірде олардың жеті айға айырылысып кеткенін айтқан болатын. Бірақ кейіннен қайта қосылған. Ол әкесіне ұқсаған, бір адамды мәңгі сүйеді. Үйленгендеріне алты ай болды. Бізбен бірге тұрады", - дейді бас онколог.
Дәрігердің айтуынша, ол ешқашан қызды болмаған. Сол себепті Айсәулені бірден қызындай қабылдапты. Бүгінгі оның келініне көңілі толады. Айтуынша, Айсәуле келіндік қызметін жақсы атқарады.
"Бәрі Айсәулені қандай келін деп сұрайды. Жақсы келін. Шай құяды, бәрін жасайды. Тамақ та әзірлейді. Орамал тағып, сәлем салуды талап етпеймін. Өзім тұрмысқа шыққанда менде ондай болмаған. Ең бастысы, бізді сыйласа болды. Қайын атасы оларға кемінде үш немере сыйлайсыңдар деп тапсырма жүктеді.
Жалпы біз қуаныштымыз. Менің қызым болмаған. Ал Айсәуле отбасымызға келіп, қызым сияқты болып кетті. Әңгімеміз жарасады.
Отбасымызда барлығы кемінде ғылым докторлары. Сол себепті келін мен оның ата-анасының білімі біз үшін маңызды болды. Әлішер мүлде басқа ортадан, шығармашылық отбасынан шыққан қызды алды. Бірақ мен де шығармашылық адаммын. Кезінде актриса болуды армандағанмын", - дейді Диляра Қайдарова өз сөзінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1830061-ajsule-bakytbekti-enesi-kelinimen-ara-katynasy-zajly-syndykty-ajtty/