"Ана басыңызбен": Роза Әлқожа желіде өзін қарғаған әйелді орнына қойды
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Роза Әлқожа желіде ұтыс ұйымдастырамын деп басы дауға қалды. Өнер иесінің конкурсына қатысып, бірақ жеңе алмаған келіншек бұл сәтсіздігінде әншіні кінәлаған. Азаматша эстрада жұлдызын ұтысты әділ өткізген жоқ деп айыптап, оны қарғаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Роза Әлқожа Instagram желісінде қарғыс сөздерін жаудырған келіншекке өзін балағаттауға жол берген жоқ. Шоу-бизнес өкілі желіде азулы жазба жариялап, өзін ренжіткен әйелді орнына қойып тастады.
"Қайырлы кеш! Қымбатты әлеумет! Ұтыс дегенді алғаш рет ойнатуым. Екі кезең, билет дегенді түсінген де жоқпын. Сол кезде баламның жағдайында ақша қажет болған соң жарнамаға келістім. Ұтыс ойынын бірақ барынша қадағалап, әділ өтуіне атсалыстым. Келген ел бір ауыз жаман сөз айтпастан риза боп тарқады. Шын бұйырған иелері алды. Әйтпесе сонша ел ақымақ емес шығар үндемей кететін?!
Ал, мына жақта отырып ап әрнәрсе жазатындар, жаңа жылымның быт-шытын шығардыңыздар! Қаншама сөзден кеше ауырып та қалдым. Сіздерде де қыз бар емес пе? Сіз де ана емессіз бе? Ойын әділ өтсе, айдалада үш қазақ өз көлігін алса маған не өкпе? Менің құда-жекжат, ағайыным бәрі билет алды. Бірақ біреуі жеңген жоқ, құдай куә. Адамды бас салып қаралауды қою керек шығар?!
Он мыңға көлік ұта берем деген не арман? Бар адам ұтып алса ол несіне ұтыс? Айтайын, Азат, Мәди деген азаматтар ұйымдастырған бұл ойынның негізгі амбассадорымын. Жауапкершілігі толық менде. Бірақ ақшасы менің қалтамда емес. Жинақталған команда таргетинг рекламасына аптасына 2млн төлеп отыр (8млн), 7 млнға бір отбасына үй әперді. 7 млнға сыйлық алдық деді.
Көрсетпей де қанша отбасына азық-түлік, көмір әперуде. Алда осы билетпен екі пәтер ұтуға мүмкіндік бар. Сонша таусылып не болды? Ана басыңызбен қалай-қалай қарғанасыз? Мен онсыз да жол апатына түскен балаларымды емдетіп, солардың болашағына алаңдап, қиналып отырмын. Сұмдық екен! Өтініш, сенбегендер, соңғы ақшасына алатындар, ойланып қатысыңыздаршы?! Бұл- ұтыс ойыны. Егер ұтпасаңыз менің жазығым жоқ" , - деп жазды Роза Әлқожа.
Айта кетейік, Роза Әлқожа жақында "Мәдениет саласының үздігі" атанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1835134-ana-basyyzben-roza-lkoza-zelide-zin-kargagan-jeldi-ornyna-kojdy/