"Ықыласы ерекше": Бауыржан Ибрагимов Елбасымен достығы туралы айтып берді
Жарияланған күні:
"Бауыржан шоу" театрының негізін қалаған әртіс Бауыржан Ибрагимов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен достығы туралы айтты. Өнер иесі Елбасының өзіне деген ықыласы ерекше екенін жасырмады деп жазады KAZ.NUR.KZ Youtube желісіндегі "TalkLike" бағдарламасына сілтеме жасап.
Бауыржан Ибрагимов тұңғыш перзидентпен алғашқы кездесуін есіне алып, ол кісінің жақсы қасиетін атап өтті.
"Ол кісі алғаш президент болған кезде Қазақстанның өнерпаз жастарымен кездесу болды. Әңгімелесіп, үлкен сұхбат жасадық. Әркім өзінің ойы мен болашақ Қазақстан туралы армандарын айтты. Қазір жүрген жігіттерден сол кезде Досхан бар, Әлібек Дінішев, Нұрлан Өнербаев, Ержан Белғозиев, Нұржамал Үсенбаева сондай енді шығып келе жатқан жастар болды. Барлығымыз суретке түсіп жатқан кезде мен шетінде қалып қойдым. Нұрекең мені сол кезде қасына шақырып алды.
Сосын маған өзің жалғыз түс деп, өз орнына отырғызды. Айта кетерлігі, ол кісінің бір әдеті - ешқашан біреу арқылы шақырмайды. Қандай топ болып, ән-күй болып жатсын, өзі келіп шақырады. Кездесу барысында ол кісі маған "Иманғали айтады, сен кетіп қалма, қаз Шамалғанға үйге барамыз" деді. Сол үйде өлең айтып, ән салып үш-төртке дейін отырдық. Ол кісінің өзі домбырамен өлең айтып, көңіл көтергенді жақсы көреді" , - дейді өнер иесі.
Танымал театр актер Елбасы думанды шараларда өзін қасына алып жүретінін де айта кетті.
"Жаңа жыл болсын, мейрам болсын үйіне алып кететін. Қарағандыға шыға берістегі үйінде болдым. Нүрекең маған үйін аралатқанда "мынау премьер-министрдің бөлмесі мен кабинеті" деп көрсететін. Ол кісі "менің үйімде, қай жерде болмасын ол бөлмелер болу керек" деп айтқан. "Ертең, қандай да бір жаман жағдай болмасын, біз бірге болып, бірге жұмыс істеуіміз керек" деп түсіндірді.
Соңғы рет өткен жылы жаңа жылда кездестім. Елордада әкімдік арқылы шақырту алып, сонда болдым. Ол кезде бірден мені қасына алып алды. Екеуміз жүрдік, қасымызда Жақсыбеков те болды. Бүкіл коллективті аралап шықтық. Сондай ықыласы ерекше маған. Болатпен де жақсы араласамын. Бірақ, Астанаға көшіп кеткелі көріспегелі біраз болды" , - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Бауыржан Ибрагимовтың өнердегі інісі Тұрсынбек Қабатовқа қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз. Ол бүгінгі күннің жұлдызды әзілкешін мүлдем актер деп есептемейтінін жасырмады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1835323-ykylasy-erekse-bauyrzan-ibragimov-elbasymen-dostygy-turaly-ajtyp-berdi/