Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорған аруы әлемдік байқауда жартылай жалаңаш суретке түсуден неліктен бас тартты

Жарияланған күні:

2017 жылғы Талдықорған аруы, "Мисс Қазақстан - 2018" байқауының қатысушысы Жадыра Жұмағұл бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінде табысты еңбек етіп жүр. Жадыраның әлеуметтік желідегі танымалдығы оның ірі халықаралық конкурстан бас тартуымен тікелей байланысты. Ол іш киіммен суретке түспеу үшін байқауға қатыспаған болатын. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген бойжеткен оқырмандарды қызықтырған сауалдарға жауап берді.

Талдықорған аруы әлемдік байқауда жартылай жалаңаш суретке түсуден неліктен бас тартты
Фото: instagram.com/zhadyra_zhumagul: UGC

Модельдік бизнестен саясат алаңына қадам басқан Жадыра Жұмағұл АҚШ-тағы Калифорния университетінде білім алған.

"Мен 1997 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Үйде үш баламыз. Ата-анам менен бөлек, ағам мен інімді өмірге әкеліп, әлі күнге дейін бізге бағыт-бағдар беріп отыр. Өзім АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Калифорния университетінде "Саясаттану және мемлекеттік қызмет" факультетін аяқтадым. Бұл менің өмірімдегі үлкен тәжірибе болды. Өйткені, Америкада білім алып қана қоймай, ағылшын тілін жетік меңгеріп қайттым. Сондай-ақ, биыл Алматыдағы КИМЭП университетін екі мамандық бойынша тәмамдадым. Атап айтар болсам, "Халықаралық құқық" және "Халықаралық қатынастар" бөлімін аяқтап, елордамыздағы Сыртқы істер министрлігінде қызмет етудемін", - дейді Жадыра.

Жадыра Жұмағұл жасөспірім кезінен бастап сән сахнасындағы сұлу бойжеткендер секілді подиумға шығуға қызыға бастаған.

"14-15 жасымда сұлу әрі келбетті сәнгерлерге қызығып, мен де солай жүрсем деп армандайтынмын. Ішімде өзімді осы салада сынап көрсем деген ниет оянды. Өз ойымды анама айтып едім, ол құптай жөнелді. Осылайша, ең алғашқы сән агенттігін өзіміз іздеп таптық. Олар мені бірден ұнатқан болуы керек, тез арада қабылдап, қатарларына қосты. Модельдік мектепті аяқтағанша KFW, MBFW, Georgian FW көрсетілімдеріне шақырту алдым.

Кейін үлкен байқауларға жол ашылып, "Мисс Қазақстан"байқауының финалында өнер көрсеттім. Ал АҚШ-та оқып жүргенде менің Facebook-тегі парақшама MISS ASIA USA байқауын ұйымдастырушылар хабарласып, маған Қазақстан атынан қатысуға ұсыныс білдірді. Бұл мен үшін қуанышты жаңалық болды. Өйткені, бұл өте үлкен дәрежеде өтетін сән байқауларының бірі еді. Кейін олармен кездесіп, танысуға барғанымда келісімшартты көрсетті.

Шартты оқу барысында мен бұл конкурсқа қатыса алмайтынымды түсіндім. Өйткені, ереже бойынша қатысушылар іш-киіммен суретке түсіп, фотосессия жасауы қажет екен. Осы кезде дереу бас тарттым. Мен үшін ар-намыс бәрінен де биік тұратындықтан, қазақ қызының арына кір келтіре алмаймын. Мұндай қадамға мені ата-анамның тәрбиесі, ұлтымның менталитеті мен салт-дәстүрі, қазақ қызының ибасы жібермейді.

Жартылай жалаңаш суретке түсу қазақ қызы үшін мақтанарлық нәрсе емес. Тіпті, мен мұны батылдық деп те айтпас едім. Сол кезде ұйымдастырушылармен жылы қоштасып, байқаудан сырт қалдым. Менің осы әрекетім әлеуметтік желіде таралып кетіпті. Көпшілігі осы қадамымды қолдап, алғыстарын білдіріп жатады.

Олардың арасында дұрыс түсінбей, "байқауда шешінетінін біле тұра, неге барған" деп реніш білдіргендер де бар. Соның бәрін осы мақала арқылы түсіндірдім деп ойлаймын. Мен мұндай ереже барын келісімшартты оқу барысында біліп, бас тарттым", - дейді Жадыра.

Жадыра Жұмағұл модельдік бизнеске біржақты қарамау керектігін айтады.

"Әр модельдің өзіндік таңдауы, өз даусы бар. Мәселен, көпшілік қауым модельдерді тек жартылай жалаңаш киінетін сылқым бойжеткен ретінде елестетеді. Бірақ көрсетілім алдында дизайнерлер модельге киіп шығатын киімін көрсетеді. Ол сырт киім, іш киім немесе көйлек болуы мүмкін. Ал әрі қарай ұсынған киімді кие ме, жоқ па, оны модель өзі шешеді. Әрбір модель қыз үшін жауап бере алмаймын. Өзім де осы салада бақ сынап көрдім. Егер, негізгі ұстанған бағытыңыз дұрыс болса, мұнда айтарлықтай жаман нәрсе жоқ", - дейді ол.

Сондай-ақ, Жадыра модель қыздарға табысты ер азаматтардың жиі сөз салатынына қатысты өз ойымен бөлісті.

"Мен ешкімнің өмірін талқыламайтын адаммын. Өзгелер жайлы сөз қозғап, сын айту менің табиғатыма жат нәрсе. Қоғамда модель қыздардың ауқатты ер адамдар тарапынан сұранысқа ие деген пікір бар. Бірақ әркімнің өз өмірі бар. Жеке өзіме ондай ұсыныс түскен жоқ. Мен ондай жағдайға жеткізбеймін. Басты арманым – бақытты отбасын құрып, көпбалалы ана атану", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1835448-taldykorgan-aruy-lemdik-bajkauda-zartylaj-zalaas-suretke-tsuden-nelikten-bas-tartty/