"Қалаулымға" келген үміткер тікелей эфирде бағдарламаны жабуды талап етті
Жарияланған күні:
"Қалаулымдағы" қатысушылардың біріне үміткер болып келген азамат тікелей эфир барысында бағдарламаны жабуды талап етті. Ер адам атышулы жобаның халыққа берер ешбір тәрбиелік мәні жоқ екенін айтып, оның түсірілім тобына үндеу жасады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Белгілі болғандай, махаббатын іздеп жүргендерге жұбын табуға көмектесетін бағдарламаға келген үміткер онда мүлдем басқа мақсатпен барған. Ол атышулы жобаға қатысты өз жанайқайын жеткізуді ұйғарған.
Халық алдына шыға сала азамат "Қалаулымды" жабу керектігін айтып, студиядағы көпшілікті таңғалдырды. Ол телебағдарламаның халыққа берер пайдасы жоқ екенін басып айтты.
"Мен осы бағдарламаның жабылғанын қалаймын. Мен оны жа алмаймын, бірақ, мүмкіндігінше айтып жатырмын. Мүмкін ертен, менің сөздерім кетер, Youtube желісіне салынбас. Бірақ, мен сіздерге емес (қатысушыларға емес), сіздерге (жүргізуші мен түсірілім тобы, басшылық) айтып жатырмын. Осында қызмет етіп жүрген адамдарға айтарым:
Мына қазақтың болашағы, ұрпақтың ертеңі туралы ойлайтын болса, жапсын. Мұндай үш сағаттық бағдарлама жоқ басқа. Түстен кешке дейін алты сағат бойы көрсетіп әрі дәріптеп жатыр. Бірақ, алты сағатқа созылса, оның халыққа берер пайдасы болу керек. Бұл жерде ешқандай пайда емес, тек қана рейтинг пен шоу" , - деп айтты ол.
Шағымын айтқан азаматтың видеосы Instagram желісіндегі kaz_stars парақшасында жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін отандық жұлдыздар "Қалаулымды" жабуды талап еткенін жазған болатынбыз. Танымал әзілкеш Нұрболхан Шараповтың үндеуін Тәуекел Мүсілім, Серік Ибрагимов, Нұржан Керменбаев және тағы да басқа өнер жұлдыздары құптаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1835854-kalaulymga-kelgen-mitker-tikelej-efirde-bagdarlamany-zabudy-talap-etti-video/