Отандық әншілер "Қалаулым" жобасын жабуға қатысты үндеуге қосылды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Қазақстандық эстрада жұлдыздары "Қалаулым" бағдарламасына қарсы шығуда. Бұл жолы атышулы жобаны жабу талабына Нұржан Керменбаев пен Индира Расылхан да қосылған. Олар да өнердегі өзге әріптестері секілді шоуды эфирден алып тастауды құптайды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Аталмыш бағдарламаның ешбір тәрбиелік мәні жоқ деп санайтындар қатарында Нұржан Керменбаев та бар болып шықты. Ол Instagram желісінде жазба қалдырып, "Қалаулымға" қатысты ойын ортаға салған.
"Айналайын “Қалаулым” жобасында жүрген іні-қарындастарым, аға-әпкелерім, кадр сыртында жүрген жандар мен сіздерді Алла разылығы үшін жақсы көрем. Алла баршаларыңызға бақ берсін. Танымалдылық қуып жүрсеңіздер, сол танымалдылықты нәсіп етсін. Ал егер шынымен жұптарыңызды іздесеңіздер, жұптарыңызды тауып, бақытты болуларыңызды тілеймін. Бірақ, біле жүріңіздер арзан хайптың арты қуыс болады!
Тез танымал болсаңыз, соншалықты тез ұмытыласыз! Мүмкін осы жобадан кейін жазылмандарыңыз көбейіп, бизнес жобаларыңыз іске асып, біреуіңіз блогер, кейбіріңіз асаба/тамада, біреуіңіз әнші немесе актер/актриса болып, табыс тауып, ризықтарыңыз артылғандай боп көрінгенмен, ол - олай емес! Себебі, жаратқан Алла тағала баршамыздың маңдайымызға ризық-несібемізді жазып қояды. Бірақ оны қандай жолмен табатынымыз өзімізге байланысты.
Нұрболхан бауырымды біреуіңіз жақтап, біреуіңіз даттап жатсыздар. Өздеріңіз түсініп отырғандай мен жақтаймын. Бұл жазбаммен Қалаулым жобасын сіздерді көрмеуге шақырамын. Сіздер мұндай арзан дүниені көрмесеңіздер бұл бағдарламада көрермен одан соң рейтингі де болмайды. Сөйтіп өзі-ақ жабылады. Осы мәселе бойынша шырылдап жүрген Нұрболханға сабыр, күш-жігер, көркем мінез тілеймін.
Одан бөлек, осы мәселе бойынша президент әкімшілігінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мырзаға да үндеу жасаймын. Назар аударып, еліміздің санасын улап жатқанына көз жеткізіп, бұл жобаның жабылуына себепкер болуын сұраймын. “Өз ойымның” жабылуына себепкер болған Нұрболхан бауырыма “Қалаулым”, “Қалаулым Live” жобаларының жабылуына себепкер болуын тілеймін" , - деді өнер иесі.
Оның бұл үндеуіне өнердегі әпкесі Индира Расылхан қолдайтын болып шықты.
"Қалаулым жабылсын. Қалаулымның жабылуына мен атсалысамын. Елімнің болашағына алаңдаймын. Келер ұрпақтың дұрыс тәрбиеленуіне атсалысамын" , - деп жазды Расылхан.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар өнер жұлдыздарды "Қалаулымның" жабылуын талап еткен болатын.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1836229-otandyk-nsiler-kalaulym-zobasyn-zabuga-katysty-ndeuge-kosyldy-foto-video/