Махаббат әлемі: КТК арнасы отбасына береке әкелетін концерт ұсынады
Жарияланған күні:
Отбасына махаббат сыйлайтын не нәрсе? Ажырасудың сәл алдында тұрған жас отбасына қалай ой салуға болады? Кеше ғана қол ұстасып бірге ән шырқап жүрген ерлі-зайыптылардың бір-біріне ғашықтық сезімін оятуға түрткі болатын концерт бар. Ендеше 9 мамыр күні сағат 18:00-де КТК арнасынан «Махаббат әлемі» концертін тамашалаңыз.
Қос жүректің лүпілі деп дуэттер шыға беретін концерттер көп-ақ. Ал «Отан отбасынан басталады» деп қазақтың ұйып отырған отбасын насихаттайтын концерт бар ма?
Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, махаббатын дәріптеп, жыртысын жыртатын еліміздегі бірден-бір концерт – «Махаббат әлемі».
Концерттің өзгешелігі – дуэт. Дуэт болғанда жанұялық дуэттер. Концертті жүргізушілер де ерлі-зайыптылар.
Жанатбек Байтеков, Махаббат әлемі» концертінің ұйымдастырушысы: Жасыратыны жоқ, қазір жастар бас қосып, ата-анасы жанталасып аста-төк той жасайды. Баласын үйлендіріп, бірі қызын ұзатады. Содан дүниеге келген баласы қырқынан шықпай жатып ажырасып кетіп жатқан отбасылардың бары – ақиқат. Біз олардың бәрінің қолынан жетектеп басын қоса алмаймыз. Біздің мақсатымыз – теңізге құйған тамшыдай, ұзақ жыл қосағымен қоса ағарып бірге тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасыларды паш ету. Жаңбырмен жер көгерсе, батамен ел көгереді. Жұртымыз немере-шөбере сүйіп отырған өнерпаз, қаншама жыл қол ұстасып бірге ән шырқап жүрген өнегелі жұптардың әнін тамашаласа, батасын алса. «махаббат әлемінің» ең алғашқы концертінде бір актеріміз өзінің үйленетін қызының қолына сахнада тұрып жүзігін салды.
Бірде осы «Махаббат әлемі» концерт кезінде жүкті әнші келіншегіміздің толғағы келіп, концерттен соң босанды. Дүниеге келген қыз баласының атын Махаббат деп қойыпты.
Атын атамай-ақ қояйын, араларында түсініспеушілік болып жүрген ерлі-зайыптылар осы концертті тамашалаған соң отбасын сақтап қалыпты деседі. «Махаббат әлемі» – жанұяның жақсылығы, жанұяның беріктігін насихаттайды. Мақсатымыз – шаңырақтың шайқалмауына титтей болса да үлесімізді қосу.
Әншілеріміздің әрқайсысының екі-үштен баласы бар. Осылардың махаббатына қарап, әнін тыңдап, көрермен қызығатын шығар. «Қарашы, қандай жарасымды жұп. Біздің екі жаққа кетіп қалғанымыз қате болар» деп ойласа. Берекесі қашқан отбасы кішкентай болса да есін жинар деп үміттенеміз. Біреуге болсын ой салса...
«Махаббат әлемі» ерлі-зайыпты әншілердің махаббатын оятатын концерт. Сахнаға қол ұстасып бірге шыққан соң, тыңдармандарының ықыласын бөленген әнші жұптардың ғашықтық сезімі оянатыны рас. «Ұят болады-ау» деген сөз бар, елден ұят-ау деп, етек-жеңімізді жиған азаматпыз-ау деп есін жияды кейбір жұптар.
Әке-шешеміз бізді ажырасып кетсін, баласын жетім тастап кетсін деп өсірмеді ғой. Қазақ өзі жесірді жылатпай, жетімді тастамаған ел. «Махаббат әлемінде» бір-біріне қарап тұрып ән салған ерлі-зайыпты әншілерді көріп жастар ойланса екен деген ниетіміз бар.
«Махаббат әлемінің» арқасында елімізде қол ұстасып ән шырқап жүрген небір керемет дуэттер – ерлі-зайыптылар табылып жатыр. Білікті әншілер елімізде толып жүр екен. Концерттің бар сырын ашпайық, дегенмен бұл жолғы ән-шашуда жаңа жұптар баршылық. Соның бірі Шымкенттен келген қонақтар – Дінмұхаммед пен Дана. Дима-Дана болып жергілікті жұртқа кеңінен танылған жұп Заттыбектің хит әнін орындамақшы.
Әр концерттің шарты мен тақырыбы бар. Ерлі-зайыпты әншілерге шектеу жоқ, қай тілде ән шырғағысы келсе өз еркі. Концерттің тақырыбы ауысып тұрады. Үнді еліне, Шығысқа саяхат болды.
Үнді фильмдерінің халыққа кең тараған танымал әндерін орындады. Кейбіреуі музыкасына қазақша мәтін жазып айтты.
Ал Шығыс елдеріне саяхатта ұйғырша, түрікше, өзбекше және тағы басқа Шығыс елдерінің хит әндерін орындады. Алдағы уақытта Қазақстанда қанша ұлттың өкілі болса, ұлтаралық татулықты насихаттамақпыз. Бұйырса, басқа елдерден де ерлі-зайыпты әншілер шақырылады.
Айша бибі анамыздың ең жақсы көретін құстарының бірі – көгершіннің ерекше шыныдан жасалған мүсінін әдемілеп жасаттық. Сахнамызда ән шырқаған әр әнші жұпқа осы қос көгершін мүсіні тарту етіледі.
Ендеше 9-шы мамыр күні отбасы мүшелері бас қосып, КТК телеарнасының эфирінен сағат 18:00-де «Махаббат әлемі» концертін қараңыздар. Бұл – әр отбасын айрандай ұйытатын, өнегелі жұптардың сезімін бөлісетін, үлгі алатын ерекше ән-шашу. Тамашалаңыз!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1839150-mahabbat-lemi-ktk-arnasy-otbasyna-bereke-keletin-koncert-synady/