"Нағашыларым сонда": Жұлдыз Әбдікәрімова Мақтааралдағы жағдайға алаңдаулы
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртастың жары Мақтааралдағы төтенше жағдайға аса қатты алаңдауда. Себебі, су астында қалып қойған ауданда Жұлдыз Әбдікәрімованың нағашылары да тұратын болып шықты. Бүгінде қиын күй кешіп жатқан өңірде оның балалық шағы өткені белгілі болды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жұлдыз Әбдікәрімова Мақтааралда су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан орын алған жағдай өз туыстарына елеулі түрде әсер еткенін алға тартты.
Анықталғандай, су тасқынына тап болған ауданда Қайрат Нұртастың қайын жұрты тұрады.
Әншінің жары Instagram парақшасында бұл өңірге қатысты жазба жариялап, су астында қалған мекенде өзінің балалық шағы өткенін айтып берді.
"Мақтарал менің балалық шағым өткен ауыл. Онда нағашы әжемнің үйі бар. Кеше сондағы нағашыларыммен сөйлесіп, ел-жұрттың амандық-саулығын сұрасып, хабарласқан едім. Әпкемдер үйлеріне кеше қайтыпты.
5 ауыл мектеп пен мешіттерде орналасқан екен. Жұт 7 ағайынды деген. Осынау қысылтаяң шақта келген апатты ел боп, жұрт боп бірге еңсерейік.
Көрсетіп бер, көрсетпей бер - ниет бір. Бергенін бердім деп жария немесе рия етпеу әр адамның жеке шешімі.
Кешелі-бүгін Мақтарал жұртшылығына тонналап тамақ, гигиеналық заттар жіберіп жатқан қайырымды жандардың ісін Алла сауаптан жазсын. Мұсылманның ең мықты қорғаны дұға деген. Қасиетті айда ел амандығы үшін дұғада болайық" , - деп жазды Әбдікәрімова.
Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Әбдікәрімова карантин уақытында зорлық-зомбылықтың өршіп кеткені жайлы үлкен мәселе көтерген болатын.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар! ⠀
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1854634-nagasylarym-sonda-zldyz-bdikrimova-maktaaraldagy-zagdajga-aladauly/