"Таңғалдым": Сиви Махмуди өзін әнші деп санамайтын Керімбековаға жауап берді
Жарияланған күні:
Сиви Махмуди өзін әнші санатына жатқызбайтынын айтқан өнердегі әпкесі Ақбота Керімбековаға қатысты пікір білдірді. Ол аса жақын араласып жүрген эстрада жұлдызының бұл мәлімдемесіне қатты таңғалған. Өнер иесі мұндайды сынды дәл сол кісіден естимін деп ойламаған деп жазады KAZ.NUR.KZ "Керек кісі" бағдарламасына сілтеме жасап.
Сиви Махмуди Ақбота Керімбекованың атышулы сұхбатынан қандай әсер алғанын еш бүкпесіз айтып берді. Үш мәрте тұрмыста болған әнші өнердегі сіңлісін осыдан сегіз жыл бұрын өзі ұзатқан болып шықты.
"Ата-анам да, мен де таңғалдық. Себебі, ол кісімен өте жақын араластық. Бүкіл тойларына бардық. Үшінші рет тұрмысқа шыққанда да бардық. Балаларының тойына да бардық. Менің де тойымнан қалмайды. Бетімізге күліп, әпке-сіңлі болып бірге қызмет жасап жүргенімізде таңғалдық. Сол мен туралы айтқан хабар шыққан күні үйімде отырғанмын. Ақбота әпкем мені өзі ұзатқан. Мен қазір орындап жүрген "Қазақ қызына қайран қалам" деген әнмен мені сегіз жыл бұрын ұзатқан.
Сол кісінің қолынан ұзатылдым. Қатты таңғалдық. Біз негізі аса ренжімейтін адамбыз. Текті әулеттен шыққаннан кейін ақ пен қараны ажырата аламыз, көзіміз ашық жандар болғаннан кейін өмірде мұндай дүниені әлі көрмеппіз. Шай үстінде көргенде, түсінбей бес-он минуттай үнсіздікте отырып қалдық. Еш өкпем жоқ. Әркім өзі біледі. Айта берсін, әнші дейді ма, әнші демейді ма. Ол жағынан өкпе жоқ. Тек адами жағынан ғана. Бірге араласып жүріп, осылай істегені бір түрлі екен", - деді Сиви.
Еске сала кетейік, Ақбота Керімбекова "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұхбаты барысында әнші ретінде кімді мойындамайтынын айтқан болатын. Оның тізіміне Абай Бегей, Асхат Тарғын мен Сиви Махмуди кірді.
Асхат Тарғын өнердегі әріптесінің бұл мәлімдемесіне бірден жауап берді. Ол алдымен өзімен бір сахнаны бөлісіп жүрген әріптесіне мүлдем ренжімейтінін алға тартып, артынша оны да мойындамайтын адамдар бар екенін ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1859094-tagaldym-sivi-mahmudi-zin-nsi-dep-sanamajtyn-kerimbekovaga-zauap-berdi/