Қайрат Әділгерей: Тұрсынбек өшсе, біз бәріміз өшеміз
Жарияланған күні:
Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Қайрат Әділгерей өзі еңбек ететін "Әзіл әлемі" театрына және оның басшысы Тұрсынбек Қабатовқа қатысты бар шындықты айтты. Өнер иесі халықтың сүйікті әзілкешіне қандай ескерту айтып, оның қандай қателігін бетіне басқанын жайып салды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қайрат Әділгерей өзімен бірнеше жыл бойы бір театрда еңбек етіп келе жатқан жігіттердің шығармашылығын жоғары бағалайтынын алға тартты.
Белгілі актер олардың ешбірінің дәуірі өтіп, өнері сөніп бара жатыр деуге аузы бармайтынын кесіп айтты. Ол "Talk Like" бағдарламасына сұхбат беріп, театрдың жұмыс жүйесіне тоқталып өтті.
"Біз бір театрда істегендіктен, біреу өсіп келе жатыр, біреу сөніп келе жатыр деуге келмейді. Біз - театрдың ортақ тынысымыз. Бәріміз театр мүшесіміз. Бізде мысалы Тұрсынбекті халық ең қатты жақсы көреді. Оған сөз жоқ. Өйткені, қайда барсақ та Тоқаңды күтеді. Кейін екінші болып Қанат кетеді. Бұл халықтың сүйіспеншілігіне байланысты. Одан кейін Аманғали, сосын Ерболат. Ары қарай кімге қалай. Бірақ, бізде бұрыннан бері екінші адам - Қанат. Ол қалыптасқан. Сосын театр ішінде орынға таласу деген атымен жоқ. Егер өшетін болсақ, бізге бастысы Тұрсынбек өшпеу керек. Тұрсынбек өшсе, біз бәріміз өшеміз. Ол кезде біздің өскеніміз де, өшкеніміз де ешкімге қызық емес" , - деді әзілкеш.
Оған қоса, белгілі актер Тұрсынбек Қабатовтың өнеріне қатысты ескерту жасағанын есіне түсірді. Оның сөзінше, бір кездері театр басшысының әзілдері уағызға ұқсап кеткен.
"Тұрсынбек намазға жығылғалы бір кездері қатты басқа бағытқа бұрылып кетті. Оның әзілі көбіне уағыз сияқты болып бара жатты. Соны Қанат екеуміз байқап қалдық. Бір-екі концерттен кейін Қанат екеуміз оған барып айттық. Қанат Тұрсынбекке "Тоқа, халық сенен әзіл күтеді. Сен көп уағыз айтып барасың" деді. Сол сөзімізге ол құлақ асып, бірден форматын өзгертті. Біз бір-біріміздің қателігімізді бетімізге басып айтамыз" , - деді Қайрат Әділгерей.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерей марқұм анасын есіне алып, сұхбат барысында жылап жіберген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1879786-kajrat-dilgerej-trsynbek-sse-biz-brimiz-semiz/