"Адал еңбектеніп жүр": Жұлдыз Әбдікәрімова "Қызылорда аруына" қолдау білдірді
Жарияланған күні:
Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова дәмханада ыдыс жуып, табыс тауып жүрген "Қызылорда аруы-2017" Гүлнұр Нұртазаға қатысты өз ойын айтты. Тележүргізуші бойжеткеннің адал еңбектеніп жүргенін атап өтіп, оған қолдау білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жұлдыз Әбдікәрімова "Қазақстан аруы-2019" сұлулық байқауына қатысқан Гүлнұр Нұртазамен таныс екенін айтты. Қызылордалық бикеш ресейлік шоуға шақырту алған кезде Қайрат Нұртастың жарына хабарласып, одан әпкелік кеңес сұраған болып шықты.
Актриса адал жолмен табыс тауып жүрген қызға тәнті болғанын айтып, оған өз қолдауын білдірді. Сонымен қатар, Әбдікәрімова ТВ мен модельдік салада жүрген мамандардан Гүлнұр Нұртазаға қолдарынан келгенше көмектесулерін сұрады.
"Қыздың орны - төр. Қабағында құт бар деп, төрден орын ұсынып қызын құрметтеген текті халықтың ұрпағымыз. Бірнеше күннен бері Гүлнұр Нұртаза жайлы ақпарат таралуда. 15 жасында әкесін, 6 ай бұрын коронавирусқа шалдыққан анасын жерлеген қыздың адал еңбектеніп жүргені көпті сүйсінтті. Гүлнұр өзін ТВ саласында немесе модельдік бағытта дамытқысы келеді. Сондықтан осы саладағы сыйлас жандардан Гүлнұрды демеп, қолдап бастамасына себепкер болуын сұраймын.
Ақпанның бірі күні Гүлнұр маған хабарласып, ресейлік шоуға қатысты әпкелік кеңес сұраған еді. Сол кезде алғаш рет таныстық. Жақында Гүлнұр Нұртазамен эфир өткізсем бе деймін. Оған дейін жақсы жаңалық дайындағым келеді. Қазақтың намысын ойлаған қызға қазақтың ТВ саласынан жақсы жұмыс бұйырар деген ниеттеміз. Ұсыныстарға ашықпыз" , - деп жазды Әбдікәрімова Instagram парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900038-adal-enbektenip-zur-zuldyz-abdikarimova-qyzylorda-aruyna-qoldau-bildirdi/