"10 жас кіші": Жасырын түрде үйленіп алған Дәулет Бижанов келіншегі туралы айтты
Жарияланған күні:
Отандық танымал актер әрі әзілкеш Дәулет Бижанов ртау құрды. Қалың көпшілікке жария салмай үйленген өнер иесінің таңдауы оңтсүстік өңірдің қызына түскен деп жазады KAZ.NUR.KZ.
30 жастағы Дәулет Бижанов осы жылдың қыс айында шаңырақ көтерген. Әзілкеш ұзақ уақыт бойы бойдақтар қатарында болып, ешкімге білдіртпестен үйленіп алды.
Өнер иесі "Опмай-опмай" бағдарламасына сұхбат беріп, отбасылық өмірі туралы бар шындықты айтты. Ол келіншегі жайлы алғаш рет айтып, оған қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Актердің жүрегін жаулап алған ару өзінен он жас кіші болып шықты.
"Мен ешкімге жар салып үйленетінімді де, үйленгенімді де айтқан жоқпын. Қыстың көзі қырауда үйленемін деп шештім. Бір айдың ішінде үйленіп кеттім. Ас та төк үлкен той болған жоқ. Тек ауыл той болды. Жақындарымыз арасында өтті. Өзіміз қанша халықтың тойында жүрсек те өз тойымыз осылай шағын өтті. Бірақ оған еш өкініш жоқ. Бәрі Алланың қалауымен болды" , - деді ол.
Бижанов отбасына оңтүстік өңірдің қызын түсірген. Мамандығы - медицина саласы. Өзінен он жас кіші арумен әзілкеш әлеуметтік желі арқылы танысқан.
"Мен оған әлеуметтік желі арқылы жаздым. "Сәлем" дедім. Бір айдан кейін жауап берді. "Бірақ сіз менен үлкен екенсіз, сөйлесе алмаймын" деді. Мен өзімнің он жыл бұрын туғаныма, ол он жыл кейін туғанынан кінәлі емес шығармыз деп жаздым. Солай әңгімеміз жарасты. Әзіл көп жерде көмектеседі ғой. Бұған дейін де қанша қызға сөз айтып, сөйлесіп көрдім. Өзімнен 1-2 жас кіші қыздар өзіңді ақымақ көреді. 5-6 жас кіші қыздар сәл ақымақтау деп ойлайды. Ал 10 жас кіші қыздар "сен ақылдысың" дейді. Сондықтан өзіме сай келгені сол болды. Оның үстіне, медицина маманы. Қартайғанда өзіме қарайды. Әзіл адамдары ақымақтау келеміз ғой. Менен бұрын 70-ке таяған әке-шешем қатты қуанды. Мені ұзатып жатқандай қуанды" , -деді актер.
Айта кетерлігі, әзілкеш отбасылы болғанын көпшілікке жар салып хабарлаған жоқ. Ол тіпті әлеуметтік желіге де той суретін жарияламады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1915821-10-zas-kisi-zasyryn-turde-uilenip-algan-daulet-bizanov-kelinsegi-turaly-aitty/