"Анамның ойымен келіспеймін": Әли Оқапов Иманбектің тыңдармандарынан кешірім сұрады
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Әли Оқапов Роза Рымбаева мен Иманбек Зейкеновтың арасындағы даулы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі анасының ойымен келіспейтінін бірден айтып, жас өнерпаздың тыңдармандарынан кешірім сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Даулы сұхбаттан кейін желідегілер Роза Рымбаеваны ғана емес, оның ұлын Әли Оқаповты да сынның астына алған. Сол себепті, әнші анасына қатысты бұл оқиғаға пікір білдіруді жөн көрген.
Оқапов өзінің Instagram парақшасында арнайы видеоүндеу жариялап, жағдайдың мән-жайын түсініруге тырысқан.
"Анамның ойымен келіспеймін. Оны сол сұхбатты көрген күні таңертең өзіне де айтқанмын. "Грэмми" адамның музыкалық біліміне қарамайды. Әр заманда қашанда ең маңыздысы - талант болды. Талант және тек қана талант адамға "Грэмми" әкеледі. Иманбектің жағдайында да сол. Бірақ, бұл өмірде сәттілік үлкен рөлге ие екенін де естен шығармаған да жөн. Иманбектің бағы бар. Ол деген керемет! Өте талантты жігіт.
Roses ремиксі "Грэммисіз" де жарды. Сыйлықты табыстау кезінде бұл туындыны барлығы жақсы білетін. "Грэмми" тек оның табыстылығын растады деп есептеймін. Қарсыластары да оған тең болмады. Бірақ табыс Иманбек пен оның талантының арқасында келді. Музыкалық инсдустрия оны "Грэммиге" дейін мойындап үлгерді", - деді Әли.
Әртістің ұлы мұндай даулы оқиға туындағанына қатты өкінетінін жасырмады.
"Анам дұрыс істемеді, дұрыс сөздерді таңдамады. Бірақ оның өз пікірі бар. Сіздердің де өз пікірлеріңізге құқықтарыңыз бар. Жасы 60-тан асқан әйел заманауи клубтық музыканы түсінбесе, ол қалыпты жағдай. Әркез солай болған. Біздің ата-аналарымыз кезінде "Не тыңдап отырсың? Бұл музыка емес" деп айтатын. Күндердің күнінде біз де музыканың жаңа бағыттарын түсінбейміз. Мен қазірдің өзінде түсінбеймін. Олар бұған кінәлі емес. Олардың заманында бәрі басқаша болды. Сіздерге шынымды айтайын, ол менің шығармашылығымды, әндерімді кейде түсінбейді. Онда тұрған еш жаманшылық жоқ. Оның талғамы, қалауы, пікірі сондай" , - деді ол.
Әли Оқапов бұл жағдайға өзінің еш қатысы болмаса да, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін айтты.
"Менің қатысым жоқ, бірақ отбасымыздағы ер адамның үлкені ретінде жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын. Біреудің сезіміне, жүрегіне тиіп кетсе, отбасымыздың атынан мен кешірім сұрайын.
Ең маңыздысы, адамды қарғап, оған өлім тілейтіндей, анамның сөзінен кейін жаман ештеңе бола қойған жоқ. Иә, айтылған сөзді қайтара алмайсың. Мен анамның сөзін басқаша түсіндіргім келіп тұрған жоқ. Бірақ шек деген нәрсе бар. Пікірмен келіспеуге болады, ал бірақ адамның жеке басына, намысына тию, балағаттау, кінәсіз ұрпақтарына өлім тілеу шектен шыққандық" , - деді Оқапов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1921361-anamnyn-oiymen-kelispeimin-ali-oqapov-imanbektin-tyndarmandarynan-kesirim-surady/