"Анам қатты ренжіді": Әбдірайымов құмар ойынға салынған кезін еске алып, сырын ақтарды
Жарияланған күні:
"Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов елді қаржылық тұрғыдан сауатты болуға шақырды. Ол өзінің әрекетін мысалға келтіріп, біраз жыл бұрын құмар ойынның құрығынан шығудың амалын таппай, қиналғанын есіне алды. Бұл туралы әнші "Ernur.kz" басылымына берген сұқбатында айтты.
Әнші сұқбат кезінде біршама уақыт бұрын құмар ойынның жетегінде кеткен кездерін еске алды. Әнші өзінің басынан өткен жағдайлардың барлығын сынақ деп қабылдайтынын жасырмады.
"Оның барлығын ескерту деп қабылдаймын. Бұлар болмаса, ештеңе көрмей, білмей жүретін шығармын. Кейде тақуалық жетіспейтін шығар деп ойлайсың. Бірақ сол тақуа жігіттерді, жалпы қай азаматты алып қарасаң да әркімнің өз деңгейінде бастарына сынақ келіп жатады. «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді, Шығарамын сөзімнен. Өзім қылдым деулерді, Таса қылман көзімнен» деп Сұлтанмахмұт Торайғыровтың айтатыны бар.
Жақында имам досым да: «Адамның басына келген қиыншылық екі қолы жасаған күнәларынан» дейді. Кейде шүкір деп, тірі жүріп, ақ пен қараны ажыра алғаның үшін тәубеңе келесің, Жаратушыңды көбірек танисың. Қаншалықты қателікпен өмір сүріп жатқаныңды түсінген сайын, Жаратушыны жақынырақ танитын секілдісің", - дейді әнші.
Өз сұқбатында әнші неліктен құмар ойынның шырмауына түсіп қалатындардың саны көп екенін тарқатып айтып берді.
Айтуынша, жеңіл ақша табуға деген құмарлық және халықтың сенгіштігінің салдары ауыр болады.
"Жеңіл табыс деген әңгімені құмар ойыннан бастайық. Ол да – жеңіл табыстың бірі. Мұның барлығы менің білімсіздігімнен, сауатсыздығымнан. Қаржылай сауатым жоқ. Көптің бірі болып жүре берсең, дамымасаң, ізденбесең сол. Көзің ашық болса, кез келгеннің уысына түсіп, жем болмайсың", - деді ол.
Әншінің айтуынша, жеңіл табысқа деген құмарлықтың нәтижесінде көптеген әнші түрлі "пирамидалық" қаржылық ұйымдарға алданған.
Бұдан бір жыл бұрын өзі де осындай қаржы ұйымының алдауына сеніп, оны жарнамалағаны үшін халықтан кешірім сұрағанын еске салды.
"Бұл біздің сенгіштігімізден деп ойлаймын. Ақкөңілдігіміз. Одан да бөлек автосалоннан жаңа көлік алып беремін деп сенімге кіріп, өнердегі біраз бауырларымыз шығынға батып қалды ғой. Сенгішпіз. Одан кейін бәрі қаражат тапқысы келеді. Заман жақсы болып тұрған жоқ, еңбекақыдан да, саудадан да қомақты, мардымды қаражат таппағаннан кейін осындай қадамға барады. Жұрт жақсы өмір сүргісі келеді ғой", - дейді Бағлан Әбдәрайымов.
Өнер иесінің айтуынша, ол қазіргі таңда өзінен кейінгі іні-бауырлардың құмар ойынға салынып кетпеуі үшін барын жасамақ.
"Құмар ойын проблемасы әрбір үшінші отбасында бар, кімнің кәсіп ашқысы келмейді, бәрі психологиясын ретке келтірсем дейді. Әкесіне, анасына, жақынына айта алмаған небір сырын психолог мамандарға жүгініп, шешеді. Жеке басымды алайықшы. Құмар ойынға туралы бірде-бір адамнан ақпарат ала алмадым. Имамдармен, психологтармен сөйлесем, олар маған керек ақпаратты бере алмайды. Интернеттен іздеймін, кітапхананы қараймын. Құмар ойын деген қайдан шыққан, қалай қоюға болады, жолы қандай деген нәрселерге жауап іздеп таппадым. Егер де осыған дейін құмар ойын туралы, оның ішкі «асханасын» ашып беретін қазақша кітап болса, мен соны оқитын едім.
Бізге дейінгілер де, біз де ойнадық, бізден кейінгілер де ойнайды. Келешекте іні-қарындастарымыз сырты жылтыраған нәрсенің іші қандай екенін, оның зардабын білсін деген ниетпен «Ақ пен қара» деген кітабым жазылды", - дейді ол.
Ал өзінің бұл "дерттен" құтылуына бірден-бір себеп болған анасының реніші екен. Анасының бір ауыз сөзі оның дұрыс жолға қайта түсуіне әсер еткенін айтты әнші.
"Анамның: «Енді ойнасаң, балам деп сені атамай-ақ қояйын», –деп айтқаны бар еді. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, жаман болса, асты жақсы» деген бар ғой", - деді Әбдірайымов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1929862-anam-qatty-renzidi-abdiraiymov-zaqyndaryn-renzitken-kunderin-eske-alyp-syryn-aqtardy/