"Енді сеніп келемін": Пәтер жөндеп жүрген қызылордалық әнші арудың өмірі қалай өзгерді
Жарияланған күні:
Алматыда пәтер жөндеумен айналысатын қызылордалық әнші қыз бір-ақ күнде жұлдыз болды. Тума талант әлеуметтік желінің арқасында елдің ыстық ықыласына бөленіп, танымал продюсердің көзіне түсіп үлгерді. Өзін "әнші Дана" деп атаған ару KAZ.NUR.KZ тілшісіне өміріндегі елеулі өзгерісті қалай қабылдағанын айтып берді.
Дана Қызылорда облысы Шиеліде туып-өскен. Шын аты - Гүлмайдан, есімін ата-әжесі қойған екен.
"1994 жылғымын. Атымды ата-әжем әнші Гүлмайдан Сүндетованың құрметіне қойған. Мені перзентханадан үйге әкелген кезде әнші апамыздың суреті журналдың мұқабасында тұр екен. Әнші болсын деп ырымдаса керек", - дейді қызылордалық ару.
Ол әншілікке бейім екенін балалық шағында байқай бастағанын алға тартады.
"Ауылда мал бағып жүріп айтатын едім, аузым жабылмайтын. Нағашы әжемнің даусы зор болған деседі. Көзін көрген жоқпын. Не болса да, құдай беріп тұр екен. Осындай қиын жолдармен алып келгісі келді ме, ол құдайға аян", - дейді Дана.
Дана Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде үш жыл музыкалық білім алған, алайда үшінші курстан соң отбасылық жағдайға байланысты оқуын тастауға тура келген.
Дана құрылыс саласында карантин кезінен бастап жұмыс істейді.
"Білесіздер, карантин кезінде жұмыс болған жоқ. Нан табу керек, жан бағу керек. Сондай қиын кезде құрылысқа жұмысқа шығып кеттік", - дейді Дана.
"Әншілікке толық бет бұруды көздеген құрылысшы қыз ән жаздыру үшін демеуші іздейді.
"Елден үлкен қолдау күтемін. Ән жаздыру үшін демеуші болатын адамдар қарастырудамыз. Халыққа өнерімді көрсеткім келеді. Әнші болу арманым. Осы бағытта Алла қаласа жұмыс жасаймын", - дейді ол.
Қызылордалық ару өмірінде болып жатқан өзгерістерге сенер-сенбесін білмейтінін жасырмайды.
"Жаңалық көп, әртүрлі бағдарламаларға шақырып жатыр, осы күнге дейін ол ондай жерлерге барып көрмегенмін. Шыны керек, басында қатты қуана алмадым. Өйткені бұл соншама жыл ішімде тұншықтырып, жасырып келген арманым еді ғой! Қалайша? Шынымен бе? деген ойлармен енді-енді сеніп жатырмын. Өте қатты қуаныштымын. Осы бағыттан таймай алдағы уақытта өнер жолында жұмыс жасағым келеді", - дейді Дана жоспарын айта келе.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде үйге жөндеу жұмыстарын жүргізетін бойжеткеннің "Әдемі қыз" әнін тамылжыта шырқаған сәтінен видео тарап, қызу талқыға түскенін жазған болатынбыз. Бүгінде продюсер Жан Мұқанов оған ән жаздырғаны белгілі болып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1944898-endi-senip-kelemin-pater-zondep-zurip-ansi-atangan-qyzylordalyq-aru-omirindegi-ozgerister-turaly-bayandady/