"Балағаттауыңыз әбестік": Тамара Асар желіде жеке басына тиіскен азаматқа жауап берді
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Тамара Асар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы сұхбатына қатысты пікірін білдіріп, өз ойын ашық жазды. Ол мемлекет басшысының саясатына сенім артатынын жеткізген. Десе де, өнер иесінің көзқарасы кей желі қолданушыларына жақпай қалып, оған түрлі бейәдеп сөздер жазып кеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тамара Асар Instagram парақшасында мемлекет басшысының сұхбаты жайлы көзқарасын жазғаны үшін бірқатар оқырмандарына жақпай қалған.
"Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан ұлттық арнасынан берген сұхбатын толықтай бөпеммен отырып тыңдадым. Мемлекеттік ана тілімізде берілген сұхбатты "Тіліміз өзімізге ғана керек"-деп бастады президент мырза! Осыған дейінгі болған,болып жатқан өзекті мәселелерге талдау жасап, Жайна ханымның қойған батыл да, ашық сұрақтарына, ел ішіндегі өзіне де, өзгеге де қатысты сындар мен міндердің жауабын, әлі де болған жайттың ресми шешімдерінің болатынын, үлкен тергеу анықтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын,өз ойын, өз ана тілінде Қазақстан Республикасының президенті ғана емес, қазақтың перзенті ретінде аса жауапкекершілікпен пікір білдіргеніне риза болып отырдым.
Көңіліме қонған маған керек тұстарын,жоспарларының халыққа тиімді жақтарын өзіме түртіп алдым. Наурыз айында саяси реформаларды жариялайтынын айтты, сол реформалардан жақсы жағымды жаңалық күтемін. Мен саясаткер емеспін! Бірақ өз азаматтық позициям бар, ғылыммен өнерді байланыстыра отырып, тұлғалықты тұғыр етуге еңбектеніп жүрген әншімін! Қазақтың қызымын, қазақ азаматының жарымын, қазақтың ұлы мен қызының анасымын! Шүкір. Сол себепті елімізде болып жатқан кейбір жағдайлар үйде бөпемен отырған менің ой елегімнен өтіп, жүрегіме жетеді. Бейбітшілік тіледім", - деп жазды ол.
Әншінің осы жазбасынан кейін кейбір оқырмандар оның жеке басына тиісіп, сынап тастаған. Олардың арасында әншіні "жағымпаз шегірткеге" теңегендер де болған. Алайда бейәдеп сөз жазған желі қолданушысы әншінің ашуына тиіп, өзін сынға алған азаматқа желіде жауап берді.
"Парақшаңызға кірдім. Інім екенсіз. Жап-жақсы ақындық өнері бар жігіт екенсіз. Шығарған туындыларыңызды әншілерге орындатыпсыз. Шегіртке деп балағаттауыңыз, әбестік, артық. Әке-шешеңіздің, тәрбиелеген ортаңыздың еңбегін жерге таптап отырсыз. Өлеңмен жолдас болғыңыз келсе, жолыңыз ашылсын десеңіз, ақындықтың әруағын балағат сөзбен қашырмай, таза жүріңіз! Апалық сөзім", - деп жауап қайтарды әртіс.
Оған қоса, әнші шектен шығып пікір жазатындарды заңмен қудалайтынын ескертті.
"Шектен тыс кеткендерімен заңның құзырлы орындары сөйлессін. Өзім сөйлесе алатындарын онлайн сабағыма шақырайын. Сіз – мені, мен сізді, осылай дұрыс жолға жетелейік. Ұлт өзімдікі. Тәрбие мен мәдениет тек өз мойнымызда", – деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1957099-balagattauynyz-abestik-prezidentti-zaqtagany-usin-synga-qalgan-tamara-asar-zauap-berdi/