Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен өте ұялшақ адам болғанмын": Әнші Ернар Садырбаев өнерге қалай келгенін айтты

Жарияланған күні:

Ернар Садырбаев бағдарламада қонақта
Видеодан кадр: www.youtube.com\Қызық Live

Көпшілікке Amre есімімен таныс әнші Ернар Садырбаев Ресейде өтетін "Голос" телешоуының 3-орын иегері атанды. Ол телешоуда жүлделі болған тұңғыш қазақ. Әнші "Қызық Live" бағдарламасына сұхбат берді.

Ернар Садырбаев бағдарлама барысында өзінің лақап есімдері және олардың қалай пайда болғаны туралы әңгімелеп берді.

"Ернар болып туылдым, Ернар болып музыка мектебіне бардым, колледжде оқыдым. Сөйтіп Алматыға келдім. Алматыға келгенде Amre болдым. Әміре Қашаубаевтың құрметіне, ырымдап осылай лақап ат алдым. Басында қатты қорықтым. Бұл — үлкен жауапкершілік. Осы есімді жоғары деңгейде алып жүресің деген бата берілген еді. Бірақ кейін жобаларға қатысып, Бүркіт болып кеттім", — дейді ол.

Сондай-ақ ол "Маска" шоуына дейін өте ұялшақ адам болғанын жеткізді. Айтуынша, осы шоуға қатысып, өз өнерін көрсеткеннен кейін өзіне деген сенімділік пайда болған. Бұл туралы әнші:

"Мен негізі өте ұялшақ адаммын. Кейде өзім ойлаймын: "Қалай сахнаға келдім?" деп. Ең сенімсіз, ең ұялшақ адам едім. Бәлкім сахна мен өнер менің басқа қырымды ашқан шығар. Содан кейін маска киіп, сахнаға шықтым. "Масканың" астында ұялмай, дауысымды өзгертіп өлең айтып, биледім. "Маска" таққанша өте ұялшақ болдым", — дейді.

Бағдарлама қонағы өзінің "Голос" жобасына қатысып, финалда үшінші орын алғанын айтты. Тарихта алғашқы рет "Голос" жобасында гранд-финалға екі қазақ әншісі — Ернар Садырбаев пен Алишер Каримов өтіп, тиісінше екінші және үшінші орынды иеленді.

"Бүркіт болып сахнаға шыққалы өмірімде, өнерімде жақсы бір өзгерістер болды. Ернар Садырбаев болып Мәскеуге бардым. Ресейде өтетін байқауларды қарап отырып: "Неге біздің балалар финалға дейін жетпейді? Неге ең болмаса тікелей эфирге өтпейді?" деген көкейімде сұрақ болатын. Сосын өзімде осы жерге барып, міндетті түрде гранд-финалға барамын деген сенім бар еді. "Голос жобасы" басталғалы 10 жыл ішінде гранд-финалға жеткен тұңғыш қазақпын. Дауыс беруден 3-орын алдым. Қазақстаннан дауыс беру мүмкін болмады. Финалда 2 қазақстандық өнер көрсеттік", — деді ол.

Бағдарлама барысында әнші ТМД-ға ғана емес, әлемге танылған Иманбек, Димаш, Скриптонит есімді отандық әншілердің жетістіктері мен беделі туралы ой бөлісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1965508-men-ote-uyalsaq-adam-bolganmyn-ansi-ernar-sadyrbaev-onerge-qalai-kelgenin-aitty/