Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шегіртке болмағанда не болдық": Саят Медеуов өнердегі әріптестерін қатаң сынға алды

Жарияланған күні:

Саят Медеуов
Саят Медеуов. Кадр: YouTube/"Алматы" телеарнасы

Әнші Саят Медеуов арзан хайп үшін түрлі әрекеттерге баратын әріптестерін сынап тастады. Өнер иесі жасы елуге таяп қалған кей әртістердің қылығына қарны ашатынын жеткізді. Оның сөзінше, олар жастарға теріс үлгі көрсетуде. Медеуов желі қолданушыларын тәртіпке келтіретін заң шығаруды ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Саят Медеуов өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіріп, билік өкілдерін желіні ретке келтіруге шақырды. Ол өз жазбасын Instagram парақшасында жариялаған.

"Бір кездері шегіртке деп кемсіткенде, өре түрегеліп айғай салдық. Ал менің өнердегі кейбір әріптессымақтарымның істеп жүргеніне қарасам, енді шегіртке емей, не болдық?! Менің қатарымдағы жасы елуге таяп қалған кейбір бауырларымның қылығы қарынды аштырады. Ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме, аузынан ақ ит кіріп көк ит шыққан былапыт сөз. Елуде ел ағасы болып бата беретін жасқа келдіңдер ғой.

Бүгінгі құлқынның құлы үшін боқауыз сөз айтып, сайқымазақ болып жүргендеріңді ертең қартайғанда немере-шөбереңе қалай түсіндіресің? Қай бетіңмен оларға ақыл айтасың?

Олар сайқымазақ, аузының дуасы жоқ шалды тыңдай ма? "Атан түйе құтырса жұт болады" деуші еді ақсақалдар. Бүгін танымал болудың ең оңай жолын таңдағанмен, ертеңгі күнімізді неге ойламаймыз?

Құрметті президент мырза және депутаттар, ұрпақтың болашағын ойласақ, қазақы құндылықтары сақталған ұлт боламыз десек, бүгінгі бетімен кеткен әлеуметтік желіні ретке келтіру керек. Аузына келгенді айтып интернетке жүктейтінді жүгендейтін заң шығаруыңызды талап етемін.

Мен үшін тәрбиелі, санасы ояу, білімді ұрпақтың болашағы маңызды. Елдің ертеңін ойласақ барынша бөлісіп, жоғарыға жеткізейік. Қолдау күтемін", - деп жазды әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1970581-segirtke-bolmaganda-ne-boldyq-sayat-medeuov-onerdegi-ariptesterin-qatan-synga-aldy/