"Оны қайғыратын жастан кетіп қалдым": Әнші Құрмаш Махан баянсыз махаббаты туралы айтты
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші әрі композитор Құрмаш Махан басынан өткен баянсыз махаббаты жайлы жан сырын ақтарды. Өнер иесі келіншегімен бас қоспай тұрып, өзге аруға қатты ғашық болғанын айтты. Әртіс тіпті оған бірнеше әнін арнаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Құрмаш Махан жастық шағындағы қарым-қатынасы туралы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады.
"Маңдайға жазылмаса, шын сүйгендер қосылмайды екен. Оған белгілі, белгісіз себептер болды. Бұл баянсыз махаббаттан ұтқаным не? Құрмашты Құрмаш қылған алғашқы "Армандаймын адам боп жаралған соң" әні сол қызға арналған. Ән Бағлан Омаровтікі, ал сөзін Әміре Қалмұрзаев деген кісі жазған. Авторлары бөлек болғанымен, менің орындауымда ол сол қызға арналды.
Оны ойлап, қайғыратын жастан кетіп қалдым. Екіншіден, мен қазір бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Өз адамымды таптым. Алла Тағала шебер, бәрін өз ретімен келтірді. Мен бастысы ол махаббаттың неге баянсыз болғанын түсіндім. Оның тұрмыс құратын адамы бар екен, менің де өз адамым бар екен. Біз соларға қосылып, мұратымызға жетіп, бақытты баянды ғұмыр кешеміз", - деді әнші.
Өнер иесінің сөзінше, бүгінде келіншегі оның баянсыз махаббаты туралы бәрін біледі. Ол отағасының өткен өміріне сыйластықпен қарайды.
Менің өмірім тек сол махаббаттан тұрмайды. Басқа да қызықшылықтар, махаббаттар бар. Мен келіншегімді 40 жыл іздедім, Алладан сұрадым. Сондай шаршаған кезде ән жаздым. Сол әнді жазып тапқан келіншегім. Барлығынан бұрын сол әнді естіді, тыңдады. Өзіне сондай ән арнаған адамды түсінбесе, ол әйел болып жарытпайды. Біз бақытты адамбыз. Оның іздегені мен, менің іздегенім ол болды.
Үйленгеннен кейін біраз уақыттан кейін барлығын айтып бердім. Өмір тарихымды біледі. Сол кезде бір есімнен кетпейтіні келіншегім: "Қызықсыз, неге соған үйленбедіңіз?" деп ұрысты. "Оған үйленсем, саған үйленуім екіталай еді ғой" десем: "иә" дейді. Оның шынайы адами қасиеті маған ұнайды. Мен оны жақсы көрдім, сүйдім. Сөйтіп үйлендім", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1979473-ony-qaigyratyn-zastan-ketip-qaldym-ansi-qurmas-maxan-bayansyz-maxabbaty-turaly-aitty/