"Алла берген дарынды тұншықтырмасам болды": Балжан Бидаш сахнаға неге шықпай кеткенін түсіндірді
Жарияланған күні:
"Кешью" тобының бұрынғы мүшесі Балжан Бидаш өзінің сахнадан алыстап кетуінің себебін түсіндірді. Әнші ару тұрмысқа шыққалы өнер саласын қойып, белсенді түрде блогерлікпен айналысып жүр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Балжан Бидаш көпшілік көкейінде жүрген сұраққа Instagram парақшасында жауап берді. Оның айтуынша, той аралап, концерттер беруіне күйеуі Жахан Отарғалиев қарсы.
"Қиын сұрақ. Уақыт көрсетеді. Сүйікті жар болғаннан кейін, шешімді өзің шығара алмайсың. Өмір бойы бірге өмір сүргің келіп, таңдаған адамның да ойын тыңдайсың. Мансап қуалағым келмейді. Алла берген талантты тұншықтырмасам болды. Өмірде басқа да маңызды нәрселер бар. Қолымнан келіп тұрған соң, бір жетістікке жеткім келеді.
Халық тыңдайтын жақсы әндерім болып, анда-санда үлкен сахнада сіздермен қауышып тұрғым келеді. Ал былай үйде болмай, той-гастрөл, анда-мұнда ұшып жүруді қаламаймын. Әйел болған соң, миссиямыз бар емес пе?
Өзімді басқа отбасылы әнші қыздармен салыстырмаймын. Әр адамның жолы әртүрлі", - деп жазды ол.
Сонымен қатар Балжан Бидаш отағасының мінезі жайлы да айтып берді.
"Қатал. Әр адамның ойлағаны болады. Ол айтады - жасайды! Еркек болған соң қызғанады. Сыйлауға тұрарлық жан. Айтпақшы Жаханның ең жақсы қасиеті - жомарттық, ақ көңіл мінезі, кек сақтамайды. Мұны жанында жүргендер өте жақсы біледі" - деп жауап берді өнер иесі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1985488-alla-bergen-daryndy-tunsyqtyrmasam-boldy-balzan-bidas-saxnaga-nege-syqpai-ketkenin-tusindirdi/