"Әке тәрбиесінде маған екі нәрсе жетіспеді": Бауыржан Сатов бала тәрбиесіндегі ең басты қағиданы бөлісті
Жарияланған күні:
Отандық актер Бауыржан Сатов бүгінге ел алдына жиі шығып жүрген жоқ. Ол желіде де, өзінің төл саласы - кинода да белсенді емес. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген өнер иесі көптен көрінбей кетуінің себебін айтты. Одан бөлек, екі қыздың әкесі бала тәрбиесінде ұстанатын қағидалары туралы баяндады.
- Бауыржан, осыдан 3-4 жыл бұрын үнемі қозғалыста, үнемі елдің назарында едіңіз. Ал қазір біраз тоқтап қалған сияқтысыз. Сатов қазір немен айналысып жүр?
- Қазір басты шаруамыз - бала-шағаның қамы. Қыста бірнеше түсірілімдеріміз бар. Соған қызу дайындық үстіндеміз және әрине жан-жарым Альбинаның да (Шардарова - ред) жұмысына тікелей қатысым, жауапкершілігім бар.
- Қос тәтті қызыңыз бар. Ерке қыздардың әкесі болу қандай сезім екен?
- Қыздардың әкесі болу керемет сезім. Әрине, жақсы әке болуға тырысып жүрмін. Қос қызым болғанына күн сайын шүкіршілік айтамын. Бірі - үш жаста, екіншісі - небәрі бір жасар. Күнделікті мені айналшақтап, тамақтандырып, мен үшін уайымдап, мейірім көрсетеді.
- Бала тәрбиесіндегі басты қағидаңыз қандай?
- Бала тәрбиесіндегі басты қағидам - толық көңіл бөлу. Әдетте балаларға телефонды беріп, өзіміз басқа нәрсеге уақыт бөліп кетеміз ғой. Ол дұрыс емес. Меніңше, жақсы ұл-қыз дұрыс көңіл бөліп, еркелетіп, сырласып, ойнаған кезде қалыптасады.
- Өзіңізге әкеден жетпеген қандай құндылықты қыздарыңызға үйретуге тырысудасыз?
- Уақыт және көңіл бөлу. Маған әке тәрбиесінде осы екі нәрсе жетіспеді. Қыздарыма мұндай кемшілікті сездірмеуге тырысып жүрмін. Үйде болсам, телефонды алысқа қойып, 1-2 сағат қыздарыммен ойнаймын. 100 пайыз өзімді, ойымды, көңілімді балапандарыма арнаймын.
- Әлеуметтік желіде аса белсенді емессіз.
- Әлеуметтік желіге аса қызығушылығым жоқ. Тіпті оқырман саны да аз. Есесіне әйелім Instagram желісінде өте белсінді. Сол кісінің парақшасын дамытуға үлкен мән беремін. Екеуіміз бірігіп бір парақшаны толық 100 пайыз дамытуды жөн көрдік.
- Ал әлеуметтік желіден табатын бір айлық табыс қандай шығындарыңызды өтеуге көмектеседі?
- Мен парақшамнан ешқандай табыс таппаймын. Әйелімнің парақшасынан келетін табыс өзіне тиісілі. Азды-көпті өзінің қажеттілігін өтеуге жеткілікті екенін жасырмаймын.
- Өмірге қайта келіп, басынан өмір сүру мүмкіндігі туындаса нені өзгертер едіңіз?
- "Өткенге өкінбе. Бүгінге қуан. Ертеңге қарама" деген сөз бар. Тек бүгінмен өмір сүремін. Өткен шақтың қатесін ескере отырып, бүгінгі күнімді қалыптастырудамын. Өмірге қайта келсем, тура осы өмірімді қайталайтын едім.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1997009-ake-tarbiesinde-magan-eki-narse-zetispedi-bauyrzan-satov-bala-tarbiesindegi-en-basty-qagidany-bolisti/