"Қазақстан аруы" байқауын ұйымдастырушылар Диана Тәшімбетованы атағынан айыру шешімінің мән-жайын түсіндірді
Жарияланған күні:
"Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті "Ғалам аруы Қазақстан аруы - 2022" титулының бұрынғы иегері Диана Тәшімбетованың атағынан айырылуының мән-жайын түсіндірді. Сондай-ақ екі тараптың арасындағы түсініспеушіліктің қандай кезеңде тұрғаны мәлім болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айта кетейік, ДианаТәшімбетова мен ұйымдастыру комитетінің арасындағы жанжал былтыр жыл соңында басталған болатын.
Сұлулық байқауы дирекциясының мәліметінше, былтыр 18 қарашада өткен "Қазақстан аруы - 2022" финалынан кейін 24 қарашада 2023 жылғы "Ғалам аруы" әлемдік байқауы 14 қаңтар күні Жаңа Орлеанда өтетіндігі туралы хабарлама келген.
"25 қарашада осы мәселе бойынша ұйымдастыру комитетінің мүшелері жиналып, ақылдастар алқасын өткізді. Алайда уақыттың тығыздығы мен қаржыландырудың жоқтығына байланысты ДианаТәшімбетованы биыл емес, келесі жылы жіберу туралы шешім қабылданды. Артынша Диана Тәшімбетова мен оның анасына шешім туралы хабарланған. Алайда олар бұған келіспейтінін және қаржыландыруды өз мойнына алатындарын мәлімдеді. Біз өз тарапымыздан бұл шешімді қабылдап, оны дайындау жұмыстарына кірісіп кеттік. Бірақ 2-3 күн өтпей, Қ.Тәшімбетова (Диананың анасы) қаржылық шығынның көп екенін, оны толықтай мойнына алмайтынын және ұйымдастыру комитетінің шығынның 50 пайызын өтеуін талап етті. Нәтижесінде бірнеше кездесу мен келіссөз өткізіліп, бір шешімге келе алмадық", - дейді баспасөз мәслихатында "Қазақстан аруы" Ұлттық сұлулық байқауының президенті Катрин Безверхова .
Байқау дирекциясы өкілдерінің сөзінше, Диана Тәшімбетоваға биылғы "Ғалам аруы – 2023" әлемдік байқауына бармайтыны туралы алдын ала хабарланған.
"2022 жылғы 6 желтоқсанда "Қазақстан аруы" ұйымдастыру комитеті "Ғалам аруы Қазақстан-2022" жеңімпазы Диана Тәшімбетова биылғы жылы "Ғалам аруы – 2023" әлемдік байқауына дайындалуға уақыттың жетіспеуіне және қаржыландырудың болмауына байланысты бармайды деген шешім қабылдады. Бұл туралы 6 желтоқсанда Диана Тәшімбетоваға хабарланды. Ал қазір олардың "бармайтынымызды АҚШ-қа кетерден 1 апта бұрын ғана естідік" деген пайымы шындыққа жанаспайды. Оны дәлелдейтін дәйектердің барлығы іске тігілген", - дейді байқау дирекциясының өкілдері.
Сонымен қатар, байқаудың ұйымдастыру комитеті Диана Тәшімбетованың Instagram-да өткізген тікелей эфирі бойынша пікір білдірді.
"Тәшімбетова ұйымдастыру комитеті оны Светлана Лобода ұйымдастырған кеште болуға міндеттегенін және ересек ер адамдардың қасына отырғызылғанын айтқан болатын. Шын мәнінде бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат.
Түйіндеп айта кеткім келеді – "Қазақстан Аруы" байқауының ұйымдастырушылары мен қатысушылары Светлана Лободаның концерті мен афтепатиіне өзге қонақтардың қатарында тек қонақ ретінде қатысты. Келісімшартқа сәйкес, Лободаның ұйымдастырушылары ТОП-12-ге кірген жеңімпаз қыздарға концерт пен афтепатиге билет сыйлаған болатын. Барлығы тек өз қалауларымен барды. Мәселен, 12 қыздың ішінен 4-і афтепатиге барған жоқ және оларды ешкім мәжбүрлеген жоқ. Иә, олардың қаіупсіздігін қамтамасыз ету үшін біз олармен бірге кастинг менеджерді бірге жібердік. Олар кеш бойы бірге отырып, бірге қайтты", - дейді байқау директоры Катрин Безверхова.
2022 жылдың 30 желтоқсанында байқаудың ұйымдастыру комитеті "Байқауды өткізу ережелері" құжатының тармақтарын негізге ала отырып, Диана Тәшімбетованы "Ғалам аруы Қазақстан-2022" атағынан айырған.
Сондай-ақ байқау дирекциясы ұйымның беделіне залал келтіру фактісі дәлелденген жағдайда сотқа шағым түсіретінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2017108-qazaqstan-aruy-baiqauynyn-uiymdastyru-komiteti-diana-tasimbetovany-atagynan-aiyru-sesiminin-man-zaiyn-tusindirdi/