"Тойдан қалмай жатырмыз": Нұржан Қалжанның 10 жылдан бері ел көзіне неге көрінбей кеткені белгілі болды
Жарияланған күні:
Отандық әнші Нұржан Қалжан он жылдан бері ел көзіне көрінбей кетуінің себебін түсіндірді. Өнер иесі "Ұйқым келмейді" бағдарламасында әні хит болмаса да, жаңа туынды жазып жүргенін мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әнші сахнадан көп көрінбесе де, ән жазуды тоқтатпағанын және тойға шығатынын ашып айтты.
"Көзден кетсең, көңілден кетесің дейді ғой. Көңілден, көзден кетпей тұру керек. Халыққа сенің жұмыс істеп жатқаныңды, ән жазғанмен хит болмай жатқанын түсіндіре алмайсың ғой. Сондықтан жұмысты тоқтатпай істей беру керек. Тойдан қалмай жатырмыз ғой. Әр әншінің өзінің тыңдарманы бар. Хиті жоқ екен деп, тойға шақырмай қойып жатқан жоқ.
Мысалы мен тойға барсам, үлкен қауым бар. Орта буыннан жоғарылардың барлығы кейде атымды ұмытып, "Бұлбұл құссың ғой" деп жатады.
Көп эфирге шақырады. "Көрінбей кеткен әншілер" деген бағдарламаға шақырса, қазір бармаймын. Шынында да жаман тиеді. Одан басқа бағдарламаға шақырмайсыңдар ма, жүрміз ғой", - деді Нұржан Қалжан.
Сонымен қатар әнші карантиннен кейін ойлана келе, әйелінің кәсіп бастағанын да баяндап берді.
"Жалпы, эстрада, той біздің алғашқы жұмысымыз. Ал кәсіпке уақытымыз да, ойымыз да болмаған. Карантин кезінде бәріміз ойланып қалдық. Аяқ асты карантин сияқты дүние болса, "Өнер адамдары аштан қалады екенбіз ғой" деген ойға келдік. Содан кейін бір кәсіп ойластыру керек дедік. Келіншегім кішігірім кәсіппен айналысады", - деді Нұржан Қалжан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2020203-zaman-tiedi-nurzan-qalzannyn-10-zyldan-beri-el-kozine-nege-korinbei-ketkeni-belgili-boldy/