Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көре алмай жатыр деп ойладым": Құралай ханым дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаевадан кешірім сұрады

Жарияланған күні:

Құралай ханым
Құралай ханым. Фото: instagram.com/quralai_hanum

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева белгілі психолог, коуч Құралай ханым лақап есімімен танымал Құралай Ошақбаеваға қыз-келіншектерді адастырды деп айып таққан болатын. Құралай ханым "Алғашқы" бағдарламасында осы оқиғаға қатысты ашып айтып, дәстүрлі әншіден кешірім сұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Бұл өзі екі жылға созылды ғой. Алғашында қабылдай алмадым. Мен тазамын, адалмын, елге берерім бар, менде қателік болмау керек деген пенделікпен қабылдай алмадым. Мені көре алмай жатыр деп ойладым.

Кейін "Менде де бар екен ғой" деген түсінік келді. Сосын жасап жүрген нәрсемнен өзім ұялып кеттім. Айгүл Елшібаева маған көп көмек берді. Мен тоқсанға келіп, әлі адасып жүрер ме едім? Менің жаныма, рухыма көп көмек берді, есімді жиюға себеп болды. Ертең құда-жекжатым, қыздарым, немерелерім өскенде ұят қой. Етек-жеңімді жинап, көп қателігімді түсіндім. Меккеге барып келгенде Айгүлге рахметімді айттым. Адасып, сол қалпымда өліп қалсам, Құдайдың алдына не деп барамын? Ол кісіге хат та жаздым, шынымен ризамын", - деді Құралай ханым.

Сонымен қатар Құралай ханым осы оқиғаға қатысты талай ұйқысыз түн өткізіп, көзі жасқа толғанын да ашып айтты.

"Қанша түндер, ұйқысыз таңдарым атты. Өте қатты қиналдым. Соңғы рет денсаулығым құртыла бастады. Осы кезде жолдасым қатты қолдады. Бір жағынан осы жағдайдан кейін кімнің кім екенін байқадым. Жанымда отбасым, балаларым, бірнеше досым ғана қалды. Қатты құладым. Сол кезде маған түсінік келді. Өзімді әрең жинап алдым.

Әлеуметтік желідегі жазбаны жариялау үшін маған екі жыл керек болды. "Кілемді шаңын шығару үшін ұрамыз ғой" сол секілді мені жақсылап тұрып тәрбиеледі. Жиырма жыл оқысам да, Айгүлден алғандай сабақ алмаппын. Жолдасымның әрдайым "Сенің ниетің дұрыс. Мен бармын ғой" деген қолдауы, маған сенгені көп көмек берді. Бетпе-бет кездесуден қашпаймын. Тіпті жазбамда "Астыңызға ат мінгіземін" деп айтқан болатынмын.

Осы сәтті пайдаланып ол кісіден кешірім сұраймын. Өзімнің қырсық-қыңыр мінезіммен, көрсеқызарлығыммен, өте төмен, лас адам болып, мазасын алғаныма кешірім сұраймын", - деді коуч.

Айта кетейік, осыған дейін дәстүрлі әнші, еліміздегі жыраулар мектебін жалғастырушы Айгүл Елшібаева халық арасында өзін психолог ретінде таныстырып, түрлі тренингтер өткізіп, "Құралай ханым" атымен танылған Құралай Ошақбаеваны әлеуметтік желіде ашық түрде сынап келеді. Айгүл Елшібаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне арнайы сұхбат беріп, Құралай Ошақбаеваны "жалған психолог" деп атаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2032999-kore-almai-zatyr-dep-oiladym-quralai-xanym-dasturli-ansi-aigul-elsibaevadan-kesirim-surady/