"84 жасқа толар еді": Біржан Хасанғалиев марқұм әкесін еске алды (видео)
Жарияланған күні:
Композитор Ескендір Хасанғалиев 2021 жылы коронавирустан қайтыс болды. Өнер иесінің ұлы Біржан Хасанғалиев әкесін еске алып, тірі болғанда оның биыл 84 жасқа толатынын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әкесі жайлы естелікті Біржан Хасанғалиев Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Бүгін менің әкем Ескендір Хасанғалиев 84 жасқа толар еді. Өзі жоқ болса да, артынан мәңгі өшпес музыкасы қалды. "Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артынан із қалдырған" дейді. Қазақ барда, әкемнің әуені халықтың жүрегінде", - деп жазды Біржан Хасанғалиев.
Еске сала кетсек, 2021 жылы Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиеваның коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқаны белгілі болды.
Кейінірек, әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев халық әртісінің жағдайы күрт нашарлағанын хабарлады.
Ал 2021 жылдың 30 сәуірінде композитордың өмірден өткені белгілі болды.
Айта кетейік, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген.
"Әдемі-ау", "Асыл арман", "Атамекен", "Бозторғай", "Елігім-еркем", "Есіңе ал", "Ескірмеген махаббат", "Гүл сезім" сынды бірнеше әннің авторы.
"Құрмет", "Отан" ордендерімен марапатталған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, "Платинды Тарлан" сыйлығының лауреаты, Алматы және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2060755-84-zasqa-tolar-edi-birzan-xasangaliev-marqum-akesin-eske-aldy-video/