Атыраулық әйел Бейбіт Қорғаннан баласы барын айтты: әншінің адвокаты ДНҚ қорытындысы шыққанын жария етті
Жарияланған күні:
Былтыр қарашада атыраулық келіншек Бейбіт Қорғаннан төрт жасар ұлы барын айтқан болатын. 2024 жылғы қаңтарда әнші ДНҚ сараптамасын тапсырғанын, соның қорытындысы шыққанын Бейбіт Қорғанның адвокаты айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видеоүндеу әншінің Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
"Азаматша Нұргүл Зиханова Атырау облысының сотына арыз жазып, КТК телеарнасының Дина Төлепберген жүргізетін "Астарлы ақиқат" бағдарламасында мені баланың әкесі деп заңсыз айыптаған болатын", - деп жазды Бейбіт Қорған.
Әншінің жазуынша, ДНҚ қорытындысы шыққан, Орынгул Ұзаққалиева заң жүзінде толық видео үндеуде айтқан.
"Мен Атырау облыстық қорғаушылар алқасының мүшесі, адвокат Орынгүл Ұзаққалиевамын. Аталған азаматтық іс бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істеймін. Бейбіт Қорғанның адвокаты ретінде сот процесіне қатысқан едім. Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне Нұргүл Зиқановадан арыз түскен. Оның тарапынан баланың әкесі екенін анықтау және алимент өндіру туралы талап-арыз келіп түскен. Азаматтық іс қозғалып, соттың тарапынан баланың әкесі екенін анықтау туралы сараптама тағайындалды. Сот ұйғарымы бойынша 24 қаңтарда Бейбіт Қорған сот биологиялық үлгілерін тапсырды", – дейді адвокат видеоүндеуде.
Оның айтуынша, 27 ақпанда соттың барлық қатысушысының көзінше сот сараптамасы ашылған. ДНҚ қорытындысы бойынша Бейбіт Қорғанның баланың әкесі емес екені анықталған. Сондықтан Нұргүл Зиқанова өз арызын қайтарып алған.
"Ол арызын қараусыз қалдыруды сұрады. Сот аталған өтінішті қанағаттандырып, сот шығындарын өндіру жөнінде шешім шығарды. Жеке сараптамаларға бармай, сот сараптамаларына баруымыздың себебі – заңды және күмәнсіз қорытынды алуды мақсат еттік. Сот сараптамасы шықпай, "Астарлы ақиқат" бағдарламасының қатысушылары Бейбіт Қорғанға тегіне, ар-намысына нұқсан келтіретін сөздер айтуына байланысты сотқа жүгінеміз. Менің қорғауымдағы азаматтың қызметтік беделіне, атына кір келтіргені анықталса және жеке өмірінің құпиялығы анықталса, заңды түрде мәселені шешеміз. Бейбіт Қорғанның тілшілер сауалына жауап бермеуі сот шешімінің түпкілікті нәтижесін күту болатын", – дейді Орынгүл Ұзаққалиева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2064211-atyraulyq-aiel-beibit-qorgannan-balasy-baryn-aitty-ansinin-advokaty-dnq-qorytyndysy-syqqanyn-aitty/