Димаш Құдайберген танымал опера әншісі Пласидо Домингоға шапан кигізді (видео)
Жарияланған күні:
Димаш Құдайберген испаниялық опера әншісі Пласидо Домингоға шапан тарту етті. Қазақстандық әнші естелік сәтті әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Димаштың Instagram-парақшасына сілтеме жасап.
Димаш Құдайберген аты аңызға айналған опера әншісі Пласидо Домингоға шапан сыйлады. Әнші Instagram желісіндегі ресми парақшасында Домингоға қазақтың ұлттық киімін кигізіп жатқаны түсірілген кадрларды жариялады.
"Бүгінгі күн – ертеңгі тарих", – деп жазды Димаш. Бейнеролик жанкүйерлерінен 2 мыңға жуық пікір жинады. Димаштың ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар да жылы лебіздерін қалдырды.
"Үлкендердің батасын алу – бақыт", – деп жазды олар.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Димаш Домингодан таланттар шоуына әділқазы болуға шақырту алған еді.
Кейінірек олар Будапешттегі Франц Лист атындағы музыка академиясының сахнасында Жорж Бизенің "Інжу іздеушілер" операсынан Надир мен Зурганың дуэтін бірге орындады.
Сондай-ақ Димаш бала кезінен Домингоға тәнті екенін және онымен бір сахнада ән айтуды армандағанын мойындады.
"5 жасымда оның концертінің VHS таспасы бар еді. Сол кезден бастап біз кездесетінімізге сендім", – деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2069622-dimas-qudaibergen-tanymal-opera-ansisi-plasido-domingoga-sapan-kigizdi-video/