"Жертөледе жатыр": дәстүрлі әнші Елмұра Жаңаберген Алматыдағы 2 бөлмелі баспанасын жағдайы жоқ әйелге сыйлаған (видео)
Жарияланған күні:
Дәстүрлі әнші Елмұра Жаңаберген Астана қаласынан пәтер алғанда, Алматыдағы 2 бөлмелі баспанасын жертөлені мекен еткен жүкті әйелге тарту еткен. Өнер иесі осы уақытқа дейін ешкімге айтпаған жақсылығын "Оян" бағдарламасында баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бағдарлама жүргізушілерінің мәліметінше, дәстүрлі әнші пәтерін екі балалы анаға тарту еткен.
"Ол кезде Астанадан үй алып жаттым. Алматыда әртістер тұратын жатақханам болды. Оны жекешелендіріп, екі бөлмелі болды. Жертөледе жуынатын жер болатын. Сол жерге түссем, тобықтан су басқан. Бір кезде күркілдеп жөтеліп жүрген балалардың дауысын естідім. "Бұл не қылған балалар? Лас жерде не істеп жүр" деп барсам, жүкті келіншек бүк түсіп, жатыр екен. Оның есімін де білмеймін. Жағдайы жоқ, өзінің аяғы ауыр екен. Астанаға көшіп бара жатқан уақытым.
Келіншекті бөлмеме жетектеп әкеліп, тамағын-шайын бердім. Мына үйім осы келіншектің атына аударылсын дедім. Бір әнші жүгіріп келіп, "Әпке не істеп жатырсыз? Ініңіз бар, сіңліңіз бар" деді. Бауырларыма Астанадан үй әперетінімді айттым. Ол келіншек кейін пәтерді сатып, жер үй салып алыпты. Жақсы өмір сүріп кетіпті. Соған қуанамын", – деді дәстүрлі әнші Елмұра Жаңаберген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2070114-zertolede-zatyr-dasturli-ansi-elmura-zanabergen-almatydagy-2-bolmeli-baspanasyn-zagdaiy-zoq-aielge-syilagan-video/