Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмі қазақстандық көрермендерге жол тартты

Опубликовано:

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр. Фото: KAZ.NUR.KZ

19 наурызда Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында қырғыз режиссері Руслан Акунның "Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Алты бірдей елде түсірілген ерекше туындының Қазақстандағы алғашқы көрсетіліміне келген көрермен тегіс көзіне жас алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмінің жабық көрсетіліміне отандық киножұлдыздар, режиссерлер, танымал блогерлер, БАҚ өкілдерімен қатар басты рөлді сомдаған қырғыз актрисасы Анаркүл Назарқұлова да арнайы келді. Кинозалда отырған қонақтар эмоциясын жасыра алмады. Көзіне жас алмаған көрермен қалмады.

Фильмнің желісі психикалық дамуы сегіз жасар баланың деңгейінде қалған 35 жастағы Әділдің таңғажайып оқиғасына негізделген. Әділ шағын ауылда 75 жастағы анасы Райхан апамен тұрады.

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Райхан апа Әділге Алла тағала оны ерекше жақсы көретінін, сондықтан оның тікелей жұмаққа баратынын айтып отырады. Бірақ Әділ анасынсыз жұмаққа барғысы келмейді. Бір күні ол сегіз жасар досынан анасын киелі Меккеге жаяу апарса, анасы жәннатқа бара алатынын біледі.

Әділ таңғажайып саяхат жасау туралы батыл шешімге келеді. Ол анасын арбамен жаяу Меккеге апаруға бел буады. Райхан апа ұлы Әділге жұрт күле ме деп қорқып, сапарға келіседі.

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Осы қызық сапарда Әділ мен Райхан апа талай сынақтан өтіп, жол бойында көптеген мейірімді адамдарды кезіктіреді.

Фильм ананың ұлына деген махаббаты шексіз екенін және ұлтына қарамастан адамзат атаулы ана үшін қиындықты еңсеруге барын аямайтынынын тағы бір дәлелдейді.

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Фильм Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Мысыр және Меккеде түсірілген. "Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмінің идеясы Қырғыз республикасының еңбек сіңірген әртісі Болот Тентимышовке тиесілі екен.

Алматыдағы жабық көрсетілімге арнайы келген басты рөлдегі актриса, Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық театрының әртісі Анаркүл Назарқұлова БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Актриса 75 жасында осындай ауқымды жобаға түсуге қалай келіскенін айтып берді.

"Мені режиссер Руслан Акун өзі таңдады, менің осы рөлді ойнағанымды қатты қалады. Түсірілім екі жарым айға созылды. Бірақ арасында елден елге өту үшін, рұқсат алу үшін Қырғызстанға қайтып келіп отыруымыз керек болды. Көп күніміз Мысырда өтті. Біраз күн Меккеде болдық. Фильмнің идеясы өте ұнады. Мен сценарийді бір деммен оқып шықтым. Осы рөлді ойнаймын, елге, аналарға, бүтін қырғыз ұлтыма айтатұғын ойым бар екен дедім. Фильм түсірілімі барысында умра жасадым. Меккеге бір күн ерте барып, түні бойы таң атқанша жүрдік. қағбаға зиярат еттік. Мен ризамын", - дейді актриса.

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр. Фото: KAZ.NUR.KZ

Анаркүл Назарқұлова түсірілім тобына да алғысын айтты.

"Мен шаршағанымды сезген жоқпын, бізге қосылған команда, балалар маған сый-құрмет көрсетті", - дейді ол.

Осы тұста қырғыз әріптесінің жұмысына отандық режиссер Қуаныш Бейсек пікір білдіріп, қазақстандық көрермендерді фильмді көруге шақырды.

"Бұл киноны бүгін мен үшінші рет тамашалап отырмын. Себебі бұның алдында режиссер Руслан Акун маған көрсеткен болатын, бірақ үлкен экранда көргенде басқа әсер берді. Ол кезде қырғыз тілінде көріп шыққам. Дубляжбен де жақсы екен. Актерлер мықты ойнаған. Сол себепті Қазақстандағы көрермендерге міндетті түрде келіп көруге кеңес беремін, өте жақсы шыққан. Тек діни тұрғыда емес, адами құндылықтар дәріптелген, жақсылық жасауға үйрететін кино деп ойлаймын", - дейді Қуаныш Бейсек.

"Пейіш" фильмінен кадр
"Пейіш" фильмінен кадр: KAZ.NUR.KZ

Айта кетейік, фильмнің режиссері Руслан Акунның туындылары тек Қырғызстанда емес, шетелдерде халықаралық фестивальдерде танымал. Ол "Салам, Нью-Йорк", "Ананы іздеймін", "Көк-бөрү", "Каникулы Оффлайн", "Салам, Европа!" сияқты белгілі кассалық фильмдердің сценарийін жазған, продюсері әрі режиссері болған.

"Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмінің Қазақстанда прокаттауды AsanaFilm дистрибьюторлық компаниясы жүзеге асырады. Кинокомпанияның басты назары тәуелсіз шетелдік және отандық тайтлдарға, Қазақстандағы коммерциялық әлеуеті бар көп жанрлы мейнстрим және өнер мейнстримінің жекелеген өкілдеріне, отбасылық контент пен жоғары сапалы анимацияға бағытталған. Негізгі прокатталған фильмдер: "Оскар" сыйлығын алған "Все везде и сразу", Гай Ричидің "Переводчигі" , "Голодные игры: Баллада о змеях и певчих птицах" приквелі және тағы басқалары. Компания тарихында "Пейіш. Жұмақ ананың табаның астында" фильмі – ТМД ауқымындағы бірінші және ерекше жоба.

"Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында" фильмін қалың көрермен 21 наурыздан бастап еліміздің кинотеатрларынан тамашалай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2071293-peiis-zumaq-ananyn-tabanynyn-astynda-filmi-qazaqstandyq-korermenderge-zol-tartty/

pixel