"Отау құрғанымызға 60 жыл": танымал актер Нұржұман Ықтымбаев жұбайы мен балалары туралы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал актер Нұржұман Ықтымбаевтың отау құрғанына биыл 60 жыл толған. 82 жастағы Қазақ КСР-інің халық әртісі "Алғашқы" бағдарламасында жұбайы мен балалары, немере-шөберелері туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Жұбайымның әпкесі Жаркентте мұғалім болған. Сол кісі оқытамын деп, Шолпанды әкелген. Ол бірінші курсқа түскенде, мен үрмелі аспапта ойнаймын. Досым "Анау үшінші қызды қарашы. Бірінші курстың қыздары, орыс тобы" дейді. Қарасам, көзі бақырайған, кішкентай қыз тұр. "Ой, мынау арық, кішкентай ғой" дедім. Сөйтсем, досым "Өзің семіртіп аласың ғой" деді.
Содан екінші курсында оқытпай, үйленіп алдым. Бірақ обалына қалған жоқпын. Тұңғышым дүниеге келгеннен кейін оқуын аяқтаттым. Шипажайда меңгеруші болды. Сол жерден зейнетке шықты", – деді Нұржұман Ықтымбаев.
Сонымен қатар актер балалары мен немерелері жайлы айтты.
"Кенже баламның ұлы өзіме тартқан. Әртүрлі салада қабілеті бар. Ал қызым Лаурадан туған жиенім танымал суретші. Прагада тұрады. Лондонда, Парижде, Берлинде, Прагада көрмесі ашылды.
Балаларыма ешқашан "Былай істе" деп айтпадым. Өзім көрсетіп отыратынмын. Баланы қинаудың керегі жоқ. Оған не ұнайды, сол бағытқа жіберу керек. Сонда жақсы нәтиже шығады.
Екі ұл, бір қызым бар. Алты немере мен үш шөбере сүйіп отырмын. Бәйбішеммен отау құрғаныма 60 жыл болды. Май жаққандай болды дей алмаймын. Кейде ренжісіп шыға келеміз. Ренжіп қалсам, әйелім келіп мойнымнан құшақтайды. Сонымен балқып шыға келемін. Ал әйелім ренжісе, маңдайынан сүйемін. Сонымен екеуміз қайта татуласып кетеміз", – деді Нұржұман Ықтымбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2075547-otau-qurganymyzga-60-zyl-tanymal-akter-nurzuman-yqtymbaev-zubaiy-men-balalary-zaily-aitty/