"Ақ кебінмен оралма": белгілі айтыскерлер тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге ән арнады
Жарияланған күні:
Танымал айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге ән арнады. Өнер иелері видеоны Instagram-дағы парақшасында жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қалай бұл? Көп үйде қатігез ағай жүр.
Күйеуі ұрғанға көніп жүр қанша әйел талай жыл.
О, маймыл. О, маймыл. Маймылдар жер басып, қалай жүр?
Тағдыры жауызға тап болып, тапталды ғой талай гүл.
Әйелді адам санамайды. Ессіздер жанын жаралайды.
Дені сау адам сабамайды, үйдегі аруды.
Сүйген жар жау болмайды. Тирандар жар болмайды.
Әйел тек армандайды, тыныштық табуды.
Шын еркек ел қорғайды, әйелі қор болмайды.
Жарына қолданбайды, жауға атар қаруды.
Алақаннан ұшқан аққуым, барасың ұзап шалғайға.
Өмірің қор боп қалмай ма? Тағдырың талқан болмай ма?
Қол жұмсап, көз бен маңдайға, сүйгенің жақтан салмай ма?
Алақанмен ұрған ақ құсым, таяқтың жедің қаттысын.
Тәніңе тиген әр соққы, жаныма менің батты шын.
Тәніңе тиген әр соққы, жанына елдің батты шын.
Жақсыда жаттық болар ма? Жаманға көңлің толар ма?
Ақ келің болып аттандың. Ақ кебінменен оралма", - дейді видеода Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан.
Желі қолданушылары айтыскерлердің бұл жырына риза болып, жарыса пікір жазды.
"Қазақ әйеліне көп міндет жүктейді", "Алла қызымызға жақсы жар жолықтырсын", "Аманатқа қиянат жасауға болмайды", "Жарайсыңдар", "Жылаттыңдар", "Өкінішке қарай, осындай күй кешіп жүрген қанша келіншек бар", "Жүрегім ауырып кетті", "Қатігездік көбейді", - деп жазды желідегілер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2082086-aq-kebinmen-oralma-belgili-aityskerler-turmysta-zorlyq-zombylyqqa-usyragan-aielderge-an-arnady/