"Дарыны үш ұрпаққа дейін дарыды": Ақбота Керімбекова анасына әсерлі жазба арнады
Жарияланған күні:
Отандық танымал әнші Ақбота Керімбекова анасының туған күнінде желіде оған әсерлі жазба арнап, ақ тілегін білдірді. Өнер иесі анасының ерекше дарыны туралы айтып, оның үш ұрпаққа дейін берілгенін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ақбота Керімбекова анасы жас кезінде үнтаспалары жүздеген тиражбен сатылған әнші болғанын айтты. Алайда отбасылы болған соң сахнадан кетіп, бар көңілін бала-шағасына арнаған.
Өнер иесі Instagram парақшасында анасының мұрағаттық видеосын жариялады. Онда анасының сахнада домбыра шертіп, ән айтып жатқанын көруге болады.
"Анамның қайран жастығы-ай. 70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың басында анам Бибіажар Махамбетованың есімі дүркіреп шыға бастаған екен. "Гүлдермен", "Қазақконцертпен" жарты әлемді аралап, Ғарекеңдей ән еркесіне шәкірт болып, үнтастаспалары жүздеген мың тиражбен сатылып, орындаған әр шығармасы "Алтын қорға" шыққан шыққанындай еніп, бүгін жалпы қазаққа ортақ болып кеткен әндер сол уақытта анама арнайы жазылып, бір бақытты өнер адамының тағдырын бастан кешірген.
Кейін, бар бақытын аналықтан іздеп, Ақботасы өмірге келгесін маған эстафетаны табыс етті. Өнерінің кемелдігі сол, дарыны үшінші ұрпаққа дейін дарыды ғой. Жиен немересі, өзінің бауырына басқан ұлы Біржан да әнші, білесіздер. Бұған қалай таңданбассың?! Әлі де домбыра көрсе делебесі қозып, әлі де Қазақ әні үшін алаңдап отырады. Өнер киесін бәрінен биік көреді. Бүгін сол анамның туған күні! Жан ана, асыл ана, аяулы ана! Ғасыр жасаңызшы! Мен сізді қатты жақсы көремін", - деп жазды Керімбекова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2083766-daryny-us-urpaqqa-deiin-darydy-aqbota-kerimbekova-anasyna-aserli-zazba-arnady/