"Айырмашылық көп": таиландтық келін Маңғыстаудағы отбасылық өмірі жайлы жан сырын айтты (видео)
Жарияланған күні:
Желіде Маңғыстау тұрғыны Мирас пен Таиланд тумасы Ихваның үйлену тойы әлі де талқыланып жатыр. Дегенмен жігіттің таңдауына жақындары мен жергілікті тұрғындар еш қарсылық танытпаған. Ал салтанатты шарада қазақ ұлтының салт-дәстүрі толықтай сақталған, деп жазады Lada.kz.
Мирастың ата-анасы келіні басқа ұлт өкілі болады деп мүлде ойламаған. Сол себепті бастапқыда ұлының таңдауына дайын болмапты. Алайда Ихва бірден ата-енесінің көңілін тауып, биязы мінезімен жақындарының көңілінен шыққан көрінеді.
Ал күйеу жігіттің туысы Анар Сисенованың айтуынша, Мирас пен Ихва әлеуметтік желі арқылы ағылшын тілі курсында танысқан.
"Көп ұзамай Мирас қазан айында үйленетінін айтты. Әрине, біз таңғалдық. Бірақ ешқайсысымыз кеудесін баспадық, әрі итермедік. Қазақша сырға салу рәсімін жасап, барып алып келдік. Құдалар Қазақстанға келмейді. Олардың дәстүрінде келу жоқ. Ол жақта да қалың мал бар, қалың малын бердік. Ол жақта да құдаларға ерекше құрмет көрсетеді. Келініміз жылы жүзді, қонақжай, - деді Мирастың жеңгесі.
Ал жас келін Қазақстан мен туған еліңің арасында қандай айырмашылық бар екенін айтты.
"Қазақстан мен Таиланд арасында айырмашылық көп: адамдар, ауа райы, ұлттық киім мен дәстүрлері де әртүрлі. Әсіресе ұлттық асханасында ерекшелік байқалады. Таиландта халықтың көбі күріш пен ащы тағам жейді. Ал мұнда бәрі басқаша. Қазақтың ұлттық асханасы мен таңғалдырды", - деді Ихва.
Еске салайық, осыған дейін енесі Ихваның ислам дінін қабылдап, есімін Інжу деп ауыстырғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2086208-aiyrmasylyq-kop-tailandtyq-kelin-mangystaudagy-otbasylyq-omiri-zaily-aitty-video/