Асқар Жүнісбеков өмірден өткен әкесіне арнап ас берді (видео)
Жарияланған күні:
Әнші Асқар Жүнісбековтің осыдан оншақты күн бұрын әкесі дүниеден өтті. Өнер иесі марқұм әкесіне арнап ас берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Баршаңыз жіберген жұбаныш хаттары оқып жатырмын, көп рақмет! Ауылға бара алмаған алматылық жанашыр ағайынға ас бердік. Баршаңызға Алла разы болсын!
Ал егілсек те, езілмейік. Өйткені, әкеміз кеткенімен бойымызда қаны қалды, тегі қалды", - деп жазды Асқар Жүнісбеков Instagram-дағы парақшасында.
Еске сала кетейік, осыдан оншақты күн бұрын Асқар Жүнісбековтің әкесі өмірден өткені белгілі болды.
Кейінірек әнші әкесіне жантебірентерлік жазба арнады.
"...Жасымда әкемнің көңілі үшін "Қайтсем де, жақсы ұл болуым керек" деп өзімді қамшылауым жаман атқа ұрындырмады. Әкем Марат Шырынбекұлы ораза айттың бірінші күні өмірден озды. Жүрегім сыздап кімді, нені іздейтінімді түсінбеймін. Өзімді ме... Өзімдегі бірнәрсені жоғалтып алғандаймын... Біздің алаңсыз өміріміз үшін тірліктің бар бейнетін ауырсынбай, мойындарына жүктеп алған осынау асыл жандардың қадірін біле алдық па? Көңілін таба алдық па? Перзенттік парызымызды өтей алдық па? Осындай ойлар бізді неге әкеміз жанымызда жүргенде мазаламады екен? Әлде әкеміз барда неше жасқа келсек те өзімізді бала сезінеміз бе? Мойныңа мінгізіп еркелеткен, мейірлене құшақтап бауырыңа басқан кездерің енді ешқашан оралмайтын қымбат естеліктер боп қала бермек...", - деп жазған болатын Асқар Жүнісбеков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2087663-asqar-zunisbekov-omirden-otken-akesine-arnap-as-berdi-video/