"Соңынан Ташкентке бардым": Өктем Алтаев жұбайына бір көріп ғашық болғанын айтты
Жарияланған күні:
Отандық әнші, сазгер Өктем Алтаев жұбайына бір көріп ғашық болғанын айтты. Әнші әйелін алып қашқан оқиғасын "Алғашқы" бағдарламасында баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Алып қашу ол заманда қалыпты жағдай, қылмыс еді. Соңғы уақытта бұл тақырып қатты қозғалып жатқанын білемін. Бірақ ол заманда жүрегінің түгі бар жігіт қыз алып қашатын еді. Бір нәрсеге бір нәрсе себеп болып тұрады ғой. Екі жыл бұрын бір досым музыкалық колонкаларды алып кеткен. Сол досыма беріп жіберіп, колонканы қайта әкелуге өзім кеткенмін. Досым айыбын жуып-шайғысы келді ме, "Бүгін кешке ауылда отырыс өтеді. Сені күшті қызбен таныстырайын ба?" деді. Бәрі үйленіп кеткен, мен де таныстыр дедім. Ташкенттен келген студенттер бар екен. Мен төрде отырмын, қолымда гитара бар. Ән айтып отырмын.
Бір кезде есіктен ол кіріп келді. Көзі жалт етті. Сол көзі жалт еткенде, ғашық болып қалдым. Әлі күнге есімде. "Жаным, бір көріп ғашық болдым саған" деген сөз содан шықты. Күтем, күтем әлі келмейді. Сөйтсем ол қонақтарға тамақ істеп, ошақ басында жүр екен. Екіншісінде соңынан Ташкентке іздеп бардым. Киноға шақырдым. Жолда үш сұрақ қойдым. Сол сұрақтарыма жауап берсе, алып қашам дедім. Үш сұраққа да менің көкейімдегідей жауап берді. Қызды алып қашуға барайын десем, көлік жоқ. Енді не істеймін деп отырсам, нағашым көлікпен келе қалады ғой. Нағашым "Сен үндемей тұра бер. Мен барам да көтеріп, көлікке салам" деді. Қызға барсақ, "Бізде қыздың бөтен жігітпен сөйлесіп тұрғаны ұят" деді. Сөйтіп үйіне кіріп, айран іштік. Нағашым "Біз айран ішуге келдік пе? Қыз алып қашуға келдік қой" деді. Енді шығарып салатын кезде, іні-сіңлісін ертіп шығады. Сосын келесі жолы барғанда алып қаштық", - деді Өктем Алтаев.
Ал сазгердің жұбайы өзін тізесі созылған трикомен алып қашқанын еске алып, баяндап берді.
"Қазығұртта ауылда өтті тойымыз. Таңғы 10:00 кезі. Үйге сіңлім жүгіріп келді де, "Әпше, сізді шақырып жатыр. Кеше ауылда жүр еді ғой бір жігіт" деді. Үйді жинап жатыр едім. Үстіме тізесі шығып кеткен трико мен ағарып кеткен жейде киіп алғанмын. Шығып едім, қолымды ұстады да жерге отырды. Үйге кір, айран іш, шай іш деп жатырмын. Бір кезде ағасы келді де, мені екі бүктеп көлікке салып алды. "Үйге кіріп, қайта киініп шығайыншы" деймін.
Көршім көрген екен. "Алып кетті, алып кетті" депті. Ағаларым көлікпен артымыздан қуған. Алайда біз адасып, басқа көшеге түсіп кетіппіз. Солай үйге барғанда бәрі қарсы алды. Шыны керек, осындай жігітке тұрмысқа шықсам деп армандадым. "Жаным" деген әні маған арналған екен. Мұны да 2-3 жыл бұрын айтты", - деді Өктем Алтаевтың жұбайы.
Еске сала кетейік, осыған дейін Өктем Алтаев ұлы, виолончелист Бағжан Октябрьдің су тасқынынан зардап шеккен халыққа 5 млн теңге көмек аударғанын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2088713-sonynan-taskentke-bardym-oktem-altaev-zubaiyna-bir-korip-gasyq-bolganyn-aitty/